Нұр-Сұлтанда отқа оранған қонақ үйден 3 бала құтқарылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық өрт сөндірушілер от шарпыған ғимараттан 4 адамды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті таратқан мәліметке сенсек, 9 желтоқсан күні сағат 18:14 шамасында елордалық өрт сөндіру қызметінің «101» пультіне Алматы ауданы Бұқтырма, 38 мекенжайында орналасқан 3 қабатты қонақ үй кешенінде өрт шыққаны туралы хабар түскен.

Тілсіз жау кешеннің жертөлесінде орналасқан саунадан шыққан.

Өрт сөндіру барысында құтқарушылардың үйлесімді әрі жедел жұмысының арқасында 4 адам, оның ішінде 3 бала құтқарылып, 7 адам эвакуацияланды.

Жалын шарпыған аумақ 80 шаршы метрді құраған.

Өрттің себептері анықталып жатыр.

Бұл жұмысқа елордалық ТЖД 6 техникасы мен жеке құрамынан 27 адам жұмылдырылған.