Нұр-Сұлтанда полицейлер жасырын онлайн-казиноны анықтады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Полиция қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шараны өткізу кезеңінде жасырын онлайн-казиноны тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түнгі уақытта Есенберлин көшесіндегі үйдің жертөлесінде полицейлер астыртын ұйымдастырылған онлайн-казино қызметінің жолын кесті. Тексеру кезінде мекемеде ойыншылар мен әкімші болған. Тексеру барысында ойын жабдықтары – 12 жүйелік блок пен монитор, ноутбук табылып, тәркіленді.

Айта кету керек, заңсыз казинода клиенттерді өткізудің өзіндік жүйесі болған. Ішке кіруге тек сенімді және тұрақты казино клиенттеріне рұқсат етілген.

Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің осы бабының санкциясы 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.