Нұр-Сұлтанда үйлердің кіреберісі екінші рет дезинфекцияланып жатыр - репортаж

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу үшін үй кіреберістерінде екінші рет дезинфекция жасалып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астаналық дезинфекция» ЖШС директорының орынбасары Бекболат Талғарбековтың айтуынша, алғашқы кезеңде қаланың барлық кіреберістерінің бірінші қабаты мен лифт және балалар алаңы ғана тазартылған.

«Екінші кезеңде үйдің барлық қабаттары, адамдар ұстауы мүмкін есік, есік тұтқасы, еден, лифт батырмалары дезинфекциялық өңдеуден өтеді. Әсіресе, Есіл ауданының үйлерінде (70%) тазарту белсенді жүріп жатыр. Сарыарқа ауданында бұл жұмыстар аяқталуға жақын», - деді Бекболат Талғарбеков «ҚазАқпарат» тілшілеріне берген сұхбатта.


Спикер дезинфекциялық тазартуға қандай құралдар қолданылатынын айтып берді.

«Кальций гипохлоритін сумен араластырып, шашып шығамыз. Техникалық сипаттамаға сәйкес, мұның барлығы инфекция жұқтырудың алдын алу үшін жасалуда. Оны адамға зиян деп айтпас едім, себебі өзіміз осы құралдармен жұмыс істеп жүрміз. Тек аллергиясы бар адамдарға әсер етуі мүмкін. Сондықтан, Пәтер иелері кооперативі (ПИК) өңдеуден кейін екі сағат тұрғындардың подъезге шықпауын өтінеді. Кейбір лифт батырмалары дезинфекциялық құралдан кейін қарайып қалады. Сол себепті, ПИК жұмысшылары өздері өңдейді немесе целлофанмен жауып қоюға тырысады. Мүмкіндігінше, ПИК-пен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз», - деді ол.

Сонымен бірге, Б. Талғарбеков коронавирус инфекциясы табылған кіреберістер жөнінде түсініктеме берді.

«Карантинге жабылған кіреберістерге кірмейміз. Біз тек алдын алу шараларымен ғана айналысамыз. Пәтер иелері кооперативі де әртүрлі болады. Әсіресе, сол жағалаудағы үйлердің кіреберісінде антисептик қойылған. Таңертең ерте жұмысқа шыққанда - хлордың иісі сезіледі. Осы қарқынмен жұмысты жалғастырсақ, коронавирусты жеңіп шығамыз. Ең бастысы, тұрғындар барлық талаптарды ұстанып, әсіресе балалармен көшеге шықпауы керек», - деді ол.


Әлеуметтік желідегі дезинфекциялық тазартушылардың кіреберісте суретке түсіп, кетіп қалатыны туралы бейнежазба таралған еді. Бұл туралы да спикердің пікір білдірді.

«Менің жеке тәжірибемде де осындай оқиға болды. Өздеріңіз секілді журналистер жұмыс аяқталғанда келеді де, түсірілім жасауды сұрайды. Осылай біздің қызметкерлер БАҚ өкілдерінің камерасына түсіп жатқанда, наразы тұрғындар сыртынан суретке түсіріп, желіге жүктеп жібереді. Әрі қарай неше түрлі шағымды естуге мәжбүр боламыз. Бірақ, бұл еш қалжың емес, тұтас елімізге коронавирус инфекциясы тарады. Сондықтан, біз де жұмысымызға жауапты қараймыз», - деді Б. Талғарбеков.