Нұр-Сұлтанда зергерлік экспорт бюросы ашылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада зергерлік экспорттық бюро ашылады. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Іске асырылып жатқан индустриялық саясаттың арқасында біз өңдеу өнеркәсібінің берік тұғырын құра алдық. Бұл пандемия жағдайында саланың өсу қарқынын сақтауға мүмкіндік берді. Түсті металлургияда өсім 3 пайызды құрады. Бұл жерде сыртқы нарықтың конъюнктурасы қолайлы болып, басқа елдерден жеткізілімдердің төмендеуі есебінен кәсіпорындарымыз үшін дәстүрлі нарықта өткізу көлемі ұлғайды. Сонымен қатар, жоғары қайта бөлу өнімдерін өндіруді ынталандыру үшін ҚР Сауда және интеграция министрлігімен алюминий қорытпаларына экспорттық баждарды төмендету бойынша бірлескен бұйрық қабылдадық», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, алтынның көлеңкелі айналымына және заңсыз құрылысқа қарсы күрес мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен бірлесіп, қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша Қылмыстық кодекске түзетулер әзірленді.

«Сондай-ақ, зергерлік бұйымдар нарығын реттеу үшін Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі серіктестерімізбен бірлесіп, Нұр-Сұлтан қаласында зергерлік экспорттық бюро ашу жөніндегі тұжырымдамаға қол қойдық. Бұл - отандық зергерлердің дамуы мен олардың өнімдерінің экспорттық нарықтарға шығуы үшін маңызды қадам», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Сонымен қатар министрдің айтуынша, қара металлургияда өндіріс көлемі 2,7 пайызға өсіп, 789 млрд теңгені құрады.

«Пайдалануға берілген жаңа жобалар, өткізу нарықтарының ашылуына және өнімге сұраныстың қалпына келуіне байланысты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндіріс көлемінің ұлғаюы өсімге әсер етті. Қарағанды облысында қуаттылығы жылына 2,5 млн тонна көмір концентратын құрайтын «Qaz Qarbon» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі байыту фабрикасы іске қосылды. Өндірісте Индустрия 4.0 элементтерімен қазіргі заманғы цифрлық технологиялар енгізілді. Бұл ең заманауи экологиялық тұрғыда таза зауыт саналады», - деді ол.