Нұр-Сұлтанда жас ақындар бақ сынады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Алаш мәдениеті» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен республикалық жас ақындар мүшәйрасы өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат Елорда Инфо сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Өлең бәйгесіне Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған Серікзат Дүйсенғазы, Олжас Қасым сынды ақындар қазылық етті.

Жыр байқауында Ақмола облысының тумасы Саян Есжан бас жүлдені қанжығаға байласа, семейлік ақын Мерей Қарт І орынды иеленді. ІІ орын ШҚО ақыны Арман Шеризатқа, ІІІ орын Түркістан облысынан Мұқағали Кенжетайұлына бұйырды.

Жеңімпаздар дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.