Нұр-Сұлтанда жатақхана тұрғынын белгісіз 4 адам соққыға жығып, тонап кетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Полицияға 28 жастағы елорда тұрғыны хабарласып, белгісіз төрт адам кешке жалдап тұратын пәтеріне келіп, ұрып-соғып, ақша талап еткеніне шағымданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кейінірек ол адамдар зардап шеккен тұрғынның көршісімен таныс екені анықталды. Танысының үйде болмағанын білген достары, көршісінің ақшасын тартып алмақ болыпты.

Олардың әлденеге алданған сәтін пайдаланған зардап шеккен ер адам бөлмеден қашып шыққан. Ол жоқ кезде белгісіз адамдар бөлмеден 50 мың теңге мен 2 ұялы телефонды алып, кетіп қалған.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінің «Алматы» ауданының полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздеу шаралары кезінде қылмысқа күдікті 4 азаматты анықтап, қолға түсірді. Олардың екеуі бұрын қылмыстық жауапқа тартылғаны белгілі болды. Күдіктілер қылмыс жасағанын толық мойындады.

Ұсталған кезде олар ұрланған ақшаны жұмсап үлгерген. Ұялы телефондар иесіне қайтарылды. Осы факті бойынша ҚР ҚК 191-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Ұсталған азаматтардың осы секілді басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.