«Тәжірибеге сүйенсек, біз әлі де болса кейбір мемлекеттік органдардың қызметінен жағымсыз тенденциялардың ажырамағанын көріп отырмыз. Жыл басынан бері біздің департаментте 95 қылмыс тіркелді. Оның үшеуі аса ауыр, 48-і ауыр қылмыс санатына жатады. Жалпы 95 қылмыстың 65-і жемқорлық сипатта болған. Оның негізгі бөлігі парақорлық фактілері бойынша тіркелген – 53 факті. Қаражат жымқыру бойынша 17 қылмыс есепке алынды», - деді ол Astana Adaldyq Alańy жобалық кеңсесінде өткен онлайн брифингіде.
Оның айтуына қарағанда, жемқорлық қылмысы үшін сотталғандардың ішінде республикалық деңгейдегі 3 шенеунік болған.
«Бұл санды салаларға жіктесек, ең көп қылмыс құқық қорғау блогына тиесілі. Бұл салада 28 факті анықталды. Денсаулық сақтау саласында – 10, құрылыс саласында – 6, энергетика саласында - 8, білім беруде – 3 қылмыс тіркелді. Салық және мәдениет саласында да осындай тенденция байқалып отыр.
Жалпы қылмыстық жауапқа 47 тұлға тартылды. Оның ішінде республикалық маңыздағы 3, қала деңгейіндегі 2 лауазымды тұлға бар. Қала деңгейіндегі 30 адамға бас бостандығынан айыру, айыппұл сияқты түрлі жазалар тағайындалды. Оның арасында 20 адам сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталды», - деді департамент басшысы.