Нұр-Сұлтандағы Алматы, Сарыарқа аудандары газбен толық қамтылды – елорда әкімі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының Алматы және Сарыарқа аудандары толықтай көгілдір отынмен қамтылды. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елорда тұрғындарының жыл санап артып келе жатқаны әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілерге де қосымша күш түсіріп отыр. Әсіресе су және жылумен жабдықтау, электр және кәріз желісі, сол сияқты нөсер кәріздеріне салмақ басым. Бұған дейін жылу электр орталығы құрылысының жүріп жатқаны және қаланы газбен жылыту қазандықтарының іске қосылатыны туралы айтылды. Өздеріңіз білетіндей, қаланы газдандыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде Алматы және Сарыарқа аудандары толығымен газдандырылды. Ол үшін 680 шақырымнан астам газ тарату желісі салынды», - деді Алтай Көлгінов қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессия отырысында.

Сондай-ақ, әкім қалған екі ауданға да газ желісі тартылатынын жеткізді.

Қала басшысының айтуынша, бүгінде кәріз тазарту құрылысын жобалау мен электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.

Бұған дейін Алтай Көлгінов қалада газбен жылыту қазандықтары іске қосылатынын хабарлаған еді.

Одан бөлек, биыл елордада сорғы-сүзгі стансасы жұмысын бастайтыны белгілі болды.