Нұр-Сұлтандағы блокпостардан өте алатын адамдардың тізімі кеңейтілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының жергілікті полиция қызметінің бастығы Ғұсман Жакин елордадағы блокпостардан кімдердің өте алатынын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда астанада әлі де 6 блок-пост жұмыс істеп тұр. Олардан төмендегі азаматтар өте алады:

- қала өміріне қатысты ұйымдарда еңбек ететін жұмысшылар;

- төтенше жағдай режимінен кейін жұмысы жанданған жұмыс орындарының қызметкерлері;

- саяжай аумағына және қала шетіндегі үйлерге бара жатқан адамдар;

- медициналық анықтамасы мен рұқсатнамасы бар адамдар;

- көктемгі егіс жұмыстарына бара жатқан адамдар;

- Целиноград, Аршалы, Шортанды, Қорғалжын ауданының тұрғындары;

- басқа аймақта тіркелген, алайда карантин аумағынан шығып бара жатқан азаматтар (блокпостта қажетті құжаты толтырылғаннан кейін);

- кісі жерлеуге кетіп бара жатқан адамдар (бес адамнан, екі көліктен артық емес);

- шет мемлекеттердің азаматтары;

- жасөспірім баласына бара жатқан адамдар;

- науқас туысына қарау үшін бара жатқан адамдар;

- Нұр-Сұлтанда тұруға қажетті қаражаты жоқ азаматтар;

- әуе рейстеріне, әуе билеттері бойынша бара жатқан азаматтар;

- Түркістан облысына көмекке бара жатқан азаматтар;

- азық-түлік немесе азық-түлікке жатпайтын керек-жарақтарды әкетіп бара жатқан азаматтар;

- транзит бойынша бағыт алған азаматтар.

Карантин аумағын кесіп өтіп бара жатқан адамдардың бәрі де «Сергек-блокпост» ақпараттық базасында тіркеледі.