«Энергия тиімділігіне қол жеткізу үшін тұрғын үй құнын қаншалықты көтеруге болатынына талдау жасалған болатын. Оңтайлы болжам айқындалды: баспана 10 пайызға қымбаттаса, шамамен 30-40 пайыздық энергияны үнемдеуге болар еді. Қарағанды қаласында тұрғын үй мақсатында 9 қабатты ғимарат тұрғызылды. Онда алғаш рет жылуды қалпына келтіру жүйелері қолданылды. Қазақстанда бұл жүйелерге қатысты белгілі бір қиындықтар бар. Сондай-ақ, осы жоба аясында елордадағы 50 ғимараттан сынама алынды, олардың энергия тұтыну деңгейі талданды», - деді Александар Белый.
Оның айтуынша, 2010 жылдан кейін елордада салынған ғимараттардың 25 пайызы энергия тиімділігінің минималды сатысына да сай келмейді.
Александр Белый, сонымен бірге Нұр-Сұлтандағы ғимараттар орта есеппен Қазақстанда бекітілген нормативтерден екі есе көп энергия тұтынатынын атап өтті. Оның айтуынша, тұрғын үйдің 1 шаршы метріне салынған 8 доллар - энергияны 9 пайыз үнемдеуге, шаршы метріне салынған 50 доллар - 41 пайыз үнемдеуге мүмкіндік береді.
БҰҰ ДБ менеджері атап өткендей, орталықтандырылған жылумен қамту аумағында шағын жаңғыртылатын энергия көздерінің, мысалы, күн панельдерінің пайдасы жоқ. Менеджердің айтуынша, Нұр-Сұлтандағы жылу энергиясы құнының төмендігі соншалық, жаңа үйлердің тұрғындары ғимараттың жылу жүйесін жаңғыртуға қызығушылық танытпайды.