Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД апат қаупін азайту мен азаматтық қорғаныс саласын бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлының айтуынша өрт көбінесе жеке секторда тіркеледі.
«Жалпы қалада өрт жағдайларының саны жылдан жылға азайып келе жатқанын атап өткім келеді. Бұл – өз кезегінде атқарылған жұмыстың оң нәтиже беріп жатқанын, сонымен қатар халықтың қауіпсіздікке баса мән беретінін білдіреді. Жалпы елордада жыл басынан бері болған өрттердің 52 пайызы жеке тұрғын үй секторына тиесілі. Өрттердің шығу себептерін талқылайтын болсақ, өрттің көбі, яғни 179 оқиға – электр желілерін монтаждау немесе пайдалану кезінде тіркелген. Екінші орында – адамдардың абайсыздығы. Осы жағдайдың 106 фактісі тіркелді. Бұл көрсеткіштің былтырғы жылмен салыстырғанда өскені байқалып отыр», - деді Еркін Отарғалымұлы елорда әкімдігіндегі онлайн брифинг барысында.
Оның айтуынша өрттердің шығуының негізгі үшінші себебі – жылыту пештерін пайдалану кезінде орын алған кемшіліктердің салдары.
«Жалпы қауіпсіздік мәселелеріне мән беретін болсақ, бүгінгі таңда жеке тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Себебі 2011 жылдан бастап мемлекеттік өртке қарсы қызмет жеке тұрғын үйлерді тексеру жұмыстарынан шеттетілді. Бүгінгі таңда аталған жұмыстар үгіт-насихат жұмыстарымен шектеледі. Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеке мүліктің сақталуына, дұрыс пайдаланылуына, сонымен қатар қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тікелей тұрғындардың міндеті екенін тағы да еске саламыз», - деді ол.