«AstanaInvest қалалық инвестицияларды дамыту орталығы» ЖШС төрағасының орынбасары Жалғас Молжігіттің айтуынша, 2021 жылдың соңғы 9 айында елорданың туристік ағыны 88%-ға артты. Әсіресе ішкі туризмде өсу байқалған.
«Елордаға келген туристердің жалпы саны – 525 мың адам. Оның 52 мыңы сырттан келсе, 475 мыңнан астамы – ішкі туристер. Орналастыру бойынша көрсетілген қызметтер 2021 жылдың 9 айында өткен жылмен салыстырғанда 41%-ға артты. Бұл қонақ үй бизнесіне қатысты», - деді Ж. Молжігіт Нұр-Сұлтанда өткен жиналыста.
Спикердің айтуынша, әуе компанияларындағы жолаушылар ағыны 48%-ға өсіп, теміржол тасымалдары бойынша – 21%-ға азайған.
«2021 жылдың 9 айында сырттан келген туристер саны 2020 жылмен салыстырғанда: Ресейден келетін туристер – 18%-ға, Түркиядан келетін туристер – 19%-ға, Украинадан келетін туристер – 20%-ға артқан. Коронавирус шектеулеріне байланысты алыс шетелден туристер аз келді. Қазір эпиджағдайымыз түзеліп келеді, биыл шетелдік туристердің көбейеді, оған қоса ішкі туризм де дами түседі деп үміттенеміз», - деді Жалғас Молжігіт.
Айта кетейік, 2021 жылы 30 сәуірде Президент Туристік қызмет туралы заңға енген түзетулерге қол қойды, онда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қолдаудың жаңа 7 шарасы көзделген.