Нұр-Сұлтанның қай аудандарында жаңа саябақтар салынады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева қалада ашылатын жаңа саябақтардың тізімін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2022 жылы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 470 млн теңге қарастырылған. Биыл 9 сквер салу жоспарланған, оның төртеуі қаланың шеткі бөліктерінде ашылады», - деді ол қалалық мәслихаттағы есептік кездесуде.

Мәселен, Есіл ауданындағы Ильинка тұрғын алабында бір саябақ салынады, жобаның құны - 435 млн теңге, Алматы ауданында – Железнодорожный (380 млн теңге) және Интернациональный (195 млн теңге) тұрғын алаптарында екі сквер салу жоспарлануда. Сарыарқа ауданында үш сквер ашылады, олар – Көктал ауданында, Ш. Айтматов, С 409 және 187-көшеде орналаспақ.

Сонымен бірге, Пушкин көшесі бойынша жалпы құны 128 млн теңгеге, А. Кенжин, А. Үлімжіұлы, Дайрабай және М. Мөңкеұлы көшелерінің ортасында (147 млн теңге), А. Иманов көшесі маңында (125 млн теңге) скверлер салу жоспарлануда.

Абай даңғылының 53/1, 57/1 үйлері қасындағы саябақ 72,5 млн теңгеге қайта жаңартылады.

Басқарма басшысы Тельман тұрғын алабында (700 млн теңгеге) және Мәңгілік ел, Қабанбай батыр, Сауран, Хусейн бен Талал көшелеріндегі (5 млрд теңгеге) жаңа екі саябақ ашылатынын айтты.

Сығанақ, Әнет Баба, Қазыбек би, Роза Бағланова (Талдыкөл) көшелері аумағында құны 34 млн теңге болатын 30,3 гектарлық рекреациялық аймақ құрылады.

Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер аймағын қайта жаңарту, қоғамдық кеңістікті жайластыру (1,2 млрд теңге) және веложол құрылысын жалғастыру жоспарланған.