2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

«Нұр Жолы» мен «Қорғаста» көліктерді кедендік рәсімдеу бір тәулікке дейін қысқарады — қытайлық инвестор

АСТАНА. KAZINFORM – Beijing Polyking New Horizons Technology Industry Co. бас директоры Ли Канчао «Нұр Жолы» мен «Қорғас» өткізу бекеттерінде көліктерді кедендік рәсімдеу мерзімін қазіргі 20-30 күннен бір тәулікке дейін қысқартатын жаңа жүйе енгізілетінін айтты. Бұл туралы ол «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы аясында Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Фото: Видеодан кадр

— «Нұр Жолы» мен «Қорғас» өткізу бекеттеріне арналған жаңа жүйе жобасы туралы толығырақ айтып берсеңіз. Ол қалай жұмыс істейді және жобаға қанша инвестиция салу жоспарланған?

— Бұл жоба «Нұр Жолы» мен «Қорғас» бекеттеріндегі көлік кептелісін азайтуға бағытталған. Қазір бұл екі бекеттен өтуге 20-30 күн уақыт кетеді. Жаңа жүйе мен әзірленген маршруттың арқасында көліктерді кедендік рәсімдеу уақытын бір тәулікке дейін қысқартамыз. 30 күннен бір тәулікке дейін қысқарту – біздің басты жетістігіміз.

Жоба Қазақстан мен Қытай үкіметтерінің қолдауымен әзірленді. Қытай кеден қызметінің деректерді өңдеу орталығы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесті. Бұл – екі елдің кеден жүйелерін біріктіріп, шекарадағы кептелісті азайтатын, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауданы дамытуға және автокөлік саудасын жеңілдетуге мүмкіндік беретін инновациялық шешім.

— Жобаның негізгі міндеттерінің бірі Қазақстан мен Қытай арасындағы логистиканы жеделдету деп түсінуге бола ма?

— Дәл солай. Логистика қалыпты жұмыс істеп тұр. Алайда кедендік рәсімдеу бірқатар себепке байланысты ұзаққа созылды. Екі тарапта әртүрлі жүйелер, деректер базасы, есептеу тәртібі мен жұмыс кестесі қолданылды. Енді осы жүйелерді тікелей байланыстырып, кедендік рәсімдеуді барынша жеңілдетеміз.

— Жобаны жүзеге асыруға қанша қаражат инвестициялау жоспарланып отыр?

— Жаңа жүйені іске қосуға бастапқыда 10 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынады. Алдағы уақытта қойма кешендерін салуға және жаңа автожол тартуға тағы 200 млн доллар бағыттауды жоспарлап отырмыз. Алғашқы кезеңде биыл Қазақстан мен Қытай арасындағы автокөлік саудасын 30 пайызға арттыруды көздейміз. Ал жаңа қоймалар мен жол инфрақұрылым іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткішті екі есе ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.

— Сіздер Жетісу облысында индустриялық парк жобасын да жүзеге асырып жатырсыздар. Бұл жобаға қандай кәсіпорындар тартылмақ?

— Иә, біз Жетісу облысымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Жаңа индустриялық паркке жаңартылған логистика мен цифрлық жүйеміздің негізінде жоғары технологиялық компанияларды тартамыз. Олардың қатарында автокомпонент өндірушілері, құрастыру кәсіпорындары, сондай-ақ дрондар мен робот техникасын әзірлейтін компаниялар бар. Паркке келетін кәсіпорындарға дамыған логистикалық инфрақұрылым, сапалы қызмет көрсету және логистикалық желіміз арқылы қаржылай қолдау алу мүмкіндігі ұсынылады.

Еске сала кетейік, бүгін Алматыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы өтіп жатыр.  Форум барысында Президент екі елдің тауар айналымын 100 млрд долларға дейін арттыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.