Нұра ауданының тұрғыны мемлекеттік грантқа көбік блок өндіретін цех ашты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Нұра ауданы Қарой ауылының тұрғыны өз ісін ашуға мемлекеттік грант алып, көбік блоктарын өндірумен айналысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Талғат Жүкенов екі ұлын жалғыз тәрбиелеп отыр. Ол 48 жаста. Ер адам мамандығы бойынша құрылысшы. Өткен жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бойынша мемлекеттік гранттар конкурсына қатысуға шешім қабылдаған.


– Бизнес-жоспар жаздым, оны қорғадым және 1 миллион 600 мың теңге көлемінде грант алдым. Бұл қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар мен нысандар сатып алынды, – дейді Талғат Жүкенов.

– Жақында үйімнің жанында цех аштым. Мен өзім жұмыс істеп жатырмын, ұлдарым да көмектеседі. Өтеусіз гранттар өз бизнесін бастағысы келетіндер үшін жақсы мүмкіндік деп айтқым келеді.


Цехтың ауданы шамамен 10 шаршы метрді құрайды. Ісін жаңадан бастаған кәсіпкер сан емес, сапа үшін жұмыс істейтінін айтады. Өндірілетін көбік блоктарының көлемі тапсырыстарға байланысты, - дейді Талғат.

Болашақта ол өз шеберханасын кеңейтуге ниетті.

Нұра ауданында биыл барлығы 10 грант берілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарынан тағы сегіз кәсіпкерді қаржыландыру жоспарлануда.