Нұра өзені бассейнінде ылғал қорының орташа көлемі 12% артты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Facebook парақшасында өңірдегі су тасқынына байланысты жағдайды және су тасуының алдын алу жұмыстары туралы жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің айтуынша, бүгінгі күні су тасқынының алдын алу күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Осы уақытта Қарқаралы, Абай, Бұқар жырау және Нұра аудандарының 158 су тасқыны қауіпі бар елді-мекендері бақылауға алынды. Наурыз айының соңында жауған мол жауын-шашын мен келесі аптадан бастап болжанып отырған жылы ауа райы жағдайды күрделілендіріп отыр.

Нұра өзенінің бассейнінде ылғал қорының орташа көлемінің 12% - ға артқаны байқалады. Шерубай-Нұра өзеніндегі ылғал қоры 54 млн м³ артты, алайда бұл көрсеткіш орташа көпжылдық мәннен 54% төмен. Кеңгірде қар қоры 22 млн м³ азайды.

Космомониторингтің деректері бойынша, облыстың солтүстік аумағының 45% - да қар жатыр. Ал оңтүстік өңірлерде қар жоқ.

«ТЖД бастығы Мұрат Қатпановпен бірге Қарқаралы және Шет аудандарының аумағындағы Нұра, Шерубай-Нұра және Жарлы өзендерінің арналарын араладық.

Қарқаралы ауданында су тасқыны қауіпі бар жерлерде, өзен арналары бойында Жарлы, Тегісшілдік және Көктас елді-мекендері орналасқан. Жеті жыл бұрын Тегісшілдік ауылы су астында қалған болатын. Жағдайдың қайталануын болдырмау үшін жыл сайын мұнда топыра үйіп, Жарлы өзенінің арнасы бойынша жарылыс жұмыстары жүргізілді.

Шет ауданының аумағын тексеру Шерубай-Нұра өзенінің бастауларын қараудан басталды. Қызылқой ауылына ерекше көңіл бөлінді. Бүгінгі таңда ауыл айналасындағы үйілген топырақтың биіктігі бір метр, ал кейбір жерлерде оның биіктігі бір жарым метрден асады»,-дейді әкім.

Оның жазуынша, 11 наурыздан бастап облыста Нұра өзенінде тоғыз жарылыс жұмыстары жүргізілді. Жолдардағы су өткізу құрылыстарының 85% - ға жуығы, 33,9 км арналар, 162 км арықтар тазартылып, 12 км су бұру орлары әзірленді.

Облыстық су тасқынына қарсы штаб жұмыс істеуде. Оның құрамында жеке құрамнан 313 адам, 184 бірлік техника, оның ішінде 134 мотопомпа және 31 бірлік жүзу құралдары кіретін алты мобильді топ бар.

Су тасқынының салдарын барынша азайту қажет, ол үшін су басуға бейім елді- мекендердің әрбір тұрғыны өз ауласын ретке келтіріп, оларды қардан тазалап, суды бұрып, арықтарды тазартуы тиіс.

Осыған дейін демалыс күндері елімізде күннің 25 градусқа дейін жылитынын хабарлаған болатынбыз.