Нұра өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді - Қарағанды облысы

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының ТЖ департаменті өңірде мұз жару жұмыстарын бастады. Бүгінгі күні Нұра өзенінің Ботақара кентіндегі, Петровка, Жастілек елді мекендеріндегі және Бірінші Мамыр ауылындағы төрт учаскеде осы шаралар атқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сондай-ақ су тасқынына дайындық барысы облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен төтенше жағдайлар жөніндегі өңірлік комиссияның кезекті отырысында талқыланды.

Қарағанды облысындағы су тасқыны жағдайы тұрақты. Өзен бассейндеріндегі су қоры нормадан 28%-ға төмен, деп атап өтті Қазгидромет филиалында.

Сонымен қатар, өңірде 1-14 наурыз аралығында 15 мм қар жауды. Бұл айлық норманың 100%

құрайды. 21 наурыздан бастап ТЖД-мен бірлесіп қардың соңғы өлшемі өткізіледі.

«Космомониторинг деректері бойынша облыс аумағының 68%-ын бүгінгі күні қар басып жатыр.

Тек облыстың солтүстік-шығыс және оңтүстік шекараларында жер қарая бастады. Қазгидромет Нұра,Шерубай-Нұра, Сарысу, Кеңгір, Тоқырауын өзендерінің бассейндеріндегі ылғал қорының көлемі

орташа көпжылдық мәннен 10-45%-ға төмен екенін мәлім етті», - деді ТЖД басшысы Мұрат Қатпанов.

Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан санитарлық су ағызулар жүргізілуде. Еріген қар

суының келуімен барлық су қоймаларында толық төгінділер басталады.

Жолдарға ерекше назар аударылды. 320 көпір мен 3 673 су өткізу құбыры тазартылды.

Республикалық маңызы бар трассалардағы су өткізу құбырлары толығымен дайындыққа келтірілген. Облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың 69 су тасқыны қаупі бар учаскелері бақылауға алынды.

Материалдық-техникалық құралдар мен инертті материалдар қорына тексеру жүргізілді.

ТЖ департаменті 80-нен астам арнайы, өтімділігі жоғары және инженерлік техника, соның ішінде халықты тасымалдау және эвакуациялау үшін, батпақ-жол талғамайтын көліктер, жүзу құралдары, мотопомпалар дайындады. Су тасқыны қаупі бар өңірлерде жеке құрам гидрокостюмдармен жабдықталған.

Жеңіс Қасымбек 20 наурызға дейін барлық кемшіліктерді жоюды тапсырды. Гидроқұрылыстардың тасқын суларды апатсыз өткізуге барынша дайындығын қамтамасыз ету қажеттігін еске салды.

Халықтың көлік қатынасымен проблемалары болмауы үшін автожолдардың реконструкцияланатын учаскелерін ерекше бақылауға алу және кенттік жолдардың дайындық жағдайын тексеру тапсырылды. Өңір басшысы әкімдерді сырттан ғана бақылап қоймай, белсенді атсалысуға шақырды.

«Біздің негізгі міндетіміз – тұрғындардың қауіпсіздігін, шаруашылық жүргізуші субъектілердің, тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің және көлік инфрақұрылымының аумақтарын қорғауды қамтамасыз ету. Мүмкіндігінше материалдық шығын көлемін болдырмау немесе барынша азайту.

Әрқайсысыңыздан жауапкершілік талап етіледі», - деп атап өтті облыс әкімі.