Нұра өзенінде жарылыс жұмыстары жүргізілді - Қарағанды облысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында көктемгі су тасқыны басталғалы үш елді мекенде 12 тұрғын үйді су басудың алды алынды және автомобиль жолдарының төрт бөлігінде су жүру жойылды, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты.

Мұз кептелістерін болдырмау үшін Нұра өзенінде жарылыс жұмыстары жүргізілді. Ол жайлы аппараттық жиналыс барысында облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа мәлімдеді. 

- Жауын-шашын көп жауғанға және қар ерігенге байланысты наурыздың 21-нен 24-не дейінгі аралықта облысымызда еріген су үш елді мекендегі 12 тұрғын үйге кірген: Теміртауда, Абайда және Бұқар Жырау ауданының Көкпекті кентінде. Барлық үйлерден су сорып шығарылды, үйлер бұзылған жоқ. Уақытында үш адам эвакуацияланып, біраз уақыт туыстарының үйінде болды, қазіргі таңда олар өз үйлеріне оралды, - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары көктемгі су тасқынына қатысты есеп беру барысында. 
Қарқаралы және Бұқар Жырау аудандарында автомобиль жолдарының төрт бөлігінде су жүрді. Олардың екеуінде қазіргі уақытта қозғалыс қайта қалпына келтірілді. Қарқаралы ауданындағы «Ынталы-Бесоба» және «Талды-Ақбай-Қызылбай» автожолдарының бөліктерінде жолдың беткі қабатын су шайып кеткендіктен қозғалыс шектелген. Онда қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

- Мұз кептелістерінің алдын алу мақсатында Нұра өзенінде жарылыс жұмыстары жүргізілді: Ғ. Мұстафин кенті мен Бұқар Жырау ауданындағы Петровка ауылдарының маңындағы автомобиль көпірлерінде. 44 кг жарылғыш зат пайдаланылды, - деп хабарлады Анатолий Шкарупа. 

 26 наурызда Токаревка кентінің жанындағы жаяу жүргіншілер көпірінің маңайында жарылыс жұмыстарын өткізу жоспарланған. 
Жалпы облысымыздағы көктемгі су тасқынына қатысты жағдай тұрақты. Самарқанд су қоймасында 26 наурыздан бастап су жіберу көлемін секундына 120 текше метрге дейін ұлғайтқан. 

 Облыс әкімі алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Су жүруі мүмкін деген барлық автожолдардың бөліктерін аралап шығу керек. Қажет болған жағдайда қосымша су өткізу құбырлары орнатылуы тиіс. 

- Үйлерге су кетуге жол бермеңіздер. Бізге төтенше жағдайды жою үшін қыруар күш жұмсаудың керегі жоқ. Олардың алдын алуымыз қажет. Су жүретін жерлері тар бөліктерде адамдар мен техниканы көбірек жұмылдырыңыздар, - деп талап етті Ерлан Қошанов. - Көктемгі су тасқынына қатысты жағдай - бүгінгі күннің негізгі мәселесі. Су енді ғана ери бастады».