«Нұра» топтық су құбырын күрделі жөндеуге қосымша 3,2 млрд теңге бөлінеді

АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрінің бірінші орынбасары Болат Бекнияз Үкімет отырысында Нұра топтық су құбырының жағдайы Ақмола облысының екі ауданындағы халықты сумен қамтамасыз етуде қиындықтар туындатып отырғанын айтты.

Фото: tolqyn.kz

«Ақмола облысының Егіндікөл және Қорғалжын аудандарының елді мекендерінде Нұра топтық су құбырының өте нашар жағдайына байланысты сумен жабдықтауды қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр. Жұмыстар Үкімет резервінен қаражат есебінен жүргізілуде. 1,8 млрд теңге бөлінді. Оларды биылғы тамыз айына дейін аяқтау жоспарланған», - деді вице-министр.

Айтуынша, бұл қаражат аталған нысанды толықтай жаңартуға жеткіліксіз.

«Нұра топтық су құбырын реконструкциялаудың қалған бөлігіне және бас құрылысты салуға 3,2 млрд теңге бөлу жоспарлануда», - деді Болат Бекнияз.