Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдікті мәжбүрлі психиатриялық емдеуге жіберілді

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды көшеде пышақтап өлтірген күдікті Шерхан Аймаханға қатысты жаңа деректер пайда болды.

Фото: Татьяна Корякина/ Kazinform

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбай қазіргі таңда күдікті Шерхан Аймаханның «психикалық ауытқуы бар» деп анықталып, Алматы облысы Талғар ауданындағы медициналық мекемеде ем қабылдап жатқаны туралы жазды. 

Осыған қатысты Kazinform тілшісіне ресми түсінік берген Шымкент қаласы полиция департаменті тергеу барысының қатаң бақылауда екенін мәлімдеді.

Ведомство мәліметінше, қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу кісі өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг фактілері бойынша жалғасып жатыр.

– Екі рет жүргізілген сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша күдіктіден психикалық бұзылулар анықталды. Осыған байланысты ол мамандандырылған мекемеге мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Емдеу аяқталғаннан кейін күдікті тергеу әрекеттерін жалғастыру үшін қайтадан тергеу изоляторына этаппен жеткізіледі, - делінген Шымкент қаласы полиция департаменті ұсынған ақпаратта.

Сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері тергеушілердің жәбірленуші тараппен тұрақты байланыс орнатқанын атап өтті.

– Тергеу барысында жәбірленушілермен үздіксіз байланыс қамтамасыз етілген. Қабылданып жатқан барлық процестік шешімдер бойынша жан-жақты түсіндірмелер беріліп, заңда белгіленген тәртіппен тергеу барысы туралы ақпарат ұсынылады. Сонымен қатар сараптама қорытындылары мен іс материалдары түсіндіріліп отырады, - деп нақтылады ведомство.

Полиция өкілдері азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік барын еске салып, тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырды.

Бұдан бұрын Шымкентте 21 жастағы бойжеткенді өлтірген күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін жазған едік.

Полиция қаза тапқан студент қыздың отбасы жариялаған деректерге жауап берді.  

Президент Шымкенттегі бойжеткеннің өліміне қатысты Бас прокуратураға тапсырма берді

Қызды өлтіру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу үшін орталық аппараттан мамандар жіберілді

Бойжеткеннің өлімінен кейін өз қызметіне селқос қарады деген күдікпен полиция қызметкерлеріне қылмыстық іс қозғалды