Нұрбах Рүстемов: Елбасы мақаласындағы идеялар - руханият саласындағы реформаторлық жаңалықтар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің тарихы - бірегей мүмкіндіктерді іске асыру жылнамасы. Қазақстанның барлық жеңістері мен жетістіктері Президенттің ерік-жігері мен еңбегінің арқасында екені сөзсіз. Осы жолы да Мемлекет басшысы барлығымызға көреген саясаткер әрі ұлы стратег екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына Венгрия Республикасындағы ҚР Төтенше және өкілетті елшісі Нұрбах Рүстемов осындай пікір білдірді. 

«Таяуда Қазақстан халқы Үшінші жаңғыру жолына түсті. Ол уақыт сын-қатер мен жалпы әлемдік үдерістерге жауап беретін экономикамызды жаңартып қана қоймайды. Біз отандық тарихтағы жаңа лептің куәгері болдық, ол қоғамның ұлттық санасын жаңғыртуы тиіс. Мемлекет басшысы өз мақаласында рухани білімсіз сананы толық жаңғырту мүмкін еместігін дөп басып айтты», - деп атап өтті Н. Рүстемов.

Оның пікірінше, технология мен инновацияны, экономиканың жаңа салаларын дамытуды, инфрақұрылым құрылысын басты назарға ала отырып,   рухани байлығымыз  жайлы ұмытпауымыз тиіс.

«Ұлы ұлттар үнемі Үйлесім жолын таңдаған. Рухани құндылықтың гүлденуі өмірдің барлық салаларында  қоғамды әрқашан биікке жетелеген.  Тек білімі жоғары, рухани бай адамдар ғана жаңа сын-қатерлерге икемді болып, дұрыс шешім қабылдай алады» ,- дейді ол.

Елші Ұлт көшбасшысының бізге рухани жаңғырудың 6 негізгі бағытын ұсынғанына ерекше тоқталды.

«Бұл жаңғырудың негізі - Ұлы даланың көпғасырлық мұрасы, халық даналығы мен өмірлік тәжірибесінің үйлесімі. Мақалада айтылған идеялар -руханият саласындағы реформаторлық жаңалықтар. Бағдарламалық мақала нәтижелерін біз жақын арада көретін боламыз», - деп атап өтті Нұрбах Рүстемов.

Оның пікірінше, Үшінші жаңғырудың әр міндетін іске асыру «адам капиталына», ұлттың зияткерлік мүмкіндіктері мен рухани қуатына тікелей байланысты болады.

Сондай-ақ елшінің айтуынша, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы халықтың рухани дамуы жайлы толғанысы, болашаққа деген философиялық көзқарасы ғана емес. Мақала бірқатар нақты шараларды қамтиды. Олардың әрқайсысы автор қалыптастырған идеяларды іске асыруға бағытталған.

«Елбасы алға қойған жаңа міндеттер Қазақстанды әлемдік деңгейге көтеретін жаңа көкжиектер ашатынына сенімдімін», - деп қорытындылады ойын Н.Рүстемов.