Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай кейінгі уақытта 90 келі салмақта сынға түсіп жүр. Ол бүгін ширек финалда осы салмақтың көшбасшысы, әлем чемпионы Турабек Хабибуллаевпен жолы түйісті.
Қос боксшы да алғашқы раундтан аянып қалмай, ауыр соққыларымен алмасып отырды. Нәтижесінде жекпе-жектің шешуші раундында Өзбекстан боксшысы дәлдік танытып, жеңісті өз жағына бұрды. Есеп: 2:3.
Айта кетсек, бүгін ел құрамасынан Санатәлі Төлтаев (65 келі), Тимур Нұрсейітов (75 келі), Назым Қызайбай (54 келі), Лаура Есенкелді (70 келі) жарыстың келесі сатысына шықса, Тимур Қабдешев (55 келі) қарсыласына есе жіберіп қойды.
Еске салсақ, 15 маусымда әлем кубогы екінші кезеңінде ел құрамасынан Сабыржан Аққалықов (80 келі), Нұрбек Оралбай (90 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары), Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Өкінішке қарай, ел құрамасынан Наталья Богданова (75 келі) қарсыласына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.