Нұрбек және Айбек Оралбай Азия чемпионатында алтынға таласады

АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатында бүгін, 7 сәуірде жартылай финалда ел құрамасынан тағы екі боксшы финалға шықты.

Фото: ҰОК

Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, 85 келідегі Нұрбек Оралбай ½ финалда шаршы алаңның иесі Бариахаан Доржбен жолықты.

Фаворит саналған жерлесіміз алғашқы раундта қарсыласын нокдаунға түсіріп, рингтің шынайы қожайыны кім екенін көрсетті. Қалған уақытта да Нұрбек басымдықты қолдан шығармай, сенімді жеңісті тіркеді. Есеп: 5:0.

Әлем чемпионы, аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбай ½ финалда Түркіменстан боксшысы Довлет Исламовқа қарсылас атанды.
Отандасымыз барлық раундта айқын басымдығын танытып, 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетсек, бұдан бұрын Сабыржан Аққалықов (75 келі) финалға шықса, Айгерім Сәттібаева (48 келі) қола жүлдегер атанды.

Қазақстандық екі боксшы 14:00–де басталатын кешкі сессияда сынға түседі. Алдымен 3-жұпта Оразбек Асылқұлов (60 келі) өзбекстандық Әбдірахмон Махмуджоновпен рингке шықса, 8-жұпта Сағындық Тоғамбай (90 келі) өзбекстандық Халимжон Мамасолиевпен кездеседі.

Айта кетсек, бұдан бұрын ел құрамасынан Төрехан Сабырхан (70 келі), Бақыт Сейдіш (70 келі), Надежда Рябец (80 келі), Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) финалға жолдама алса, Валентина Хальзова (70 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Ертуған Зейнуллинов (65 келі) қола жүлдегер атанды.