Нұрберген Жұмағазиев әлем кубогын қола медальмен аяқтады

АСТАНА. ҚазАҚпарат - Беларусь астанасы Минск қаласында өтіп жатқан шорт-трек спортынан әлем кубогының соңғы алтыншы кезеңінде Нұрберген Жұмағазиев қола медаль алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1000 метр қашықтықта өткен сында финалға екі бірдей отандасымыз шығып, Абзал Әжіғалиев сегізінші орынды қанағат тұтты.

Нұрберген Жұмағазиев аталған қашықтықта үшінші болып мәре сызығын кесті. Тағы бір отандасымыз Денис Никиша төртінші орында. 1000 метрде Корея елінің спортшысы бас жүлдені қанжығасына байлады.

Ал осы қашықтықта аруларымыздың ең алды бесінші орынмен шектелді. Бұл көрсеткішке Анастасия Крестова қол жеткізді. Тағы бір отандасымыз Ким Йонг 20-шы орынға табан тіреді.

Бұл жолы да бас бапкер Мәдіғали Қарсыбековтың алтын аламыз деген үміті ақталмады.