Нұрберген Жұмағазиев шорт-тректен әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық Нұрберген Жұмағазиев Оңтүстік Кореяның Каннын қаласында шорт-тректен әлем кубогының төртінші кезеңінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Sports.kz">Sports.kz сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Нұрберген 1 мың метр қашықтықта бірінші келсе, канадалық Паскаль Дион мен Патрик Даффи екінші және үшінші орынды бөлісті. Қазақстандық шорттрекшіге финалда үш бірдей өкілі өнер көрсеткен айдын иелері де ілесе алған жоқ.

Айта кетейік,  осымен биыл қазақстандық шорт-трекшілер екінші рет әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанып отыр. Мұның алдында тағы бір батысқазақстандық Абзал Әжіғалиев қараша айында Солт-Лейк-Сити (АҚШ) қаласында 500 метр қашықтықта алдына жан салмаған болатын. Осыған дейін қазақстандық шорттрекшілер мұндай табысқа қол жеткізбеген еді. Абзал мен Нұрберген кезінде Оралдағы жабық мұз айдыны сарайында Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбековтің басшылығымен алғашқы қадамдарын бастаған болатын. Олар Сочи олимпиадасында Қазақстан құрамасы сапында 5 мың метр қашықтықта эстафеталық сында финалға дейін жетіп, бесінші орынды иеленген еді.