Нұрбол Жұмасқалиев «Ертіс» футбол клубының тізгінін ұстады

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық маман Нұрбол Жұмасқалиев «Ертіс» футбол клубының бас бапкері атанды.

Фото: «Ертіс» футбол клубы

Бұл жөнінде павлодарлық клубтың баспасөз қызметі мәлім етті.

Қазақстандық футбол тарихындағы ең көрнекті футболшылардың бірі Нұрбол Жәрдемұлы Қазақстан чемпионаты тарихындағы ең көп матч өткізген (526 ойын) және ең көп гол соққан (167 гол) рекорд иесі ретінде ерекшеленеді. Ол мансабының басым бөлігін қостанайлық «Тобыл» сапында өткізді. Ал 2017 жылы павлодарлық «Ертіс» клубында ойын көрсетті. 

Мансабында Қазақстан чемпионы, Қазақстан Кубогы мен Суперкубогы иегері, Интертото Кубогы жеңімпазы болып табылады. Сондай-ақ Нұрбол Жұмасқалиев Қазақстан ұлттық құрамасы тарихындағы матчтар мен голдар саны бойынша үздік ондыққа кіреді.

Футболшы мансабын аяқтағаннан кейін ол 2018 жылдан бастап «Тобыл» клубында бапкерлік және басқарушылық қызметтер атқарды. Алдымен спорт директоры лауазымында болса, кейінгі жылдары қостанайлық клубтың бас бапкері тізгінін ұстады

Сондай-ақ Нұрбол Жәрдемұлы Қазақстан ұлттық және жастар құрамаларында бас бапкердің көмекшісі болып жұмыс істеді.

Айту керек, Нұрбол Жұмасқалиевтің «Ертістегі» жаттықтырушылар құрамына Данияр Мұқанов және Олег Недашковский кірді. Танымал мамандар бас бапкер көмекшілері қызметтерін атқарады.

Ал команданың төменгі деңгейдегі нәтижесі салдарынан Кирилл Альшевский «Ертіс» футбол клубының бас бапкері қызметінен кетті.