Нұрбол Жұмасқалиев «Ертістің» бас бапкері қызметінен кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Павлодарлық «Ертіс» футбол клубы бас бапкер Нұрбол Жұмасқалиевтің отбасылық жағдайына байланысты өз өтініші бойынша қызметінен кеткенін мәлім етті.

Фото: «Ертіс» футбол клубы

Сонымен қатар клубтан бас бапкердің көмекшілері Данияр Мұқанов пен Олег Недашковский де кетті.

— Нұрбол Жәрдемұлы мен оның жаттықтырушылар штабына атқарған еңбегі, кәсібилігі үшін алғыс айтамыз. Алдағы қызметтеріне сәттілік тілейміз, — деп жазылған хабарламада.

Тәжірибелі маман бұл қызметке мамыр айында келген еді.

Нұрбол Жұмасқалиев — Қазақстан чемпионаттары тарихындағы ең үздік ойыншылардың бірі. Ол ел біріншілігінде 526 матч өткізіп, 167 гол соққан рекордсмен саналады. Карьерасының басым бөлігін «Тобыл» сапында өткізгенімен, 2017 жылы «Ертіс» сапында да өнер көрсетті.

Сонымен қатар ол Қазақстан чемпионатының жеңімпазы, Кубок және Суперкубок иегері, сондай-ақ Интертото кубогының жүлдегері.

Ойыншылық мансабын аяқтағаннан кейін «Тобыл» клубында түрлі қызметтер атқарып, бапкерлік тәжірибе жинақтады.

Сондай-ақ ұлттық және жастар құрамаларында бапкердің көмекшісі болып жұмыс істеді.

Айта кетсек, павлодарлық клубқа дейін биыл Қостанайдың «Тобыл» командасы бас бапкері болған еді.