АСТАНА. KAZINFORM – Сингапурде өтіп жатқан пара жүзуден әлем чемпионатында қазақстандық Нұрдәулет Жұмағали брасс әдісімен жүзуде 100 метр қашықтықты 1:06.64 секундта жүзіп өтіп, күміс жүлдені иеленді.
Спорт және дене шынықтыру істері комиетінің хабарлауынша, бірінші орын бейтарап ел атынан қатысқан спортшы Тимофей Гукқа бұйырса, үшін орынды украиндық Федина Алексей еншіледі.
Айта кетсек, бұл – Нұрдаулет Жұмағалидің әлем чемпионатындағы үшінші күміс жүлдесі. Бұған дейін ол 2022 жылы Медейрада және 2023 жылы Манчестерде алған еді.
Дүбірлі додада еліміздің атынан 7 спортшы бақ сынап жатыр. 21-27 қыркүйек аралығында өтетін спорттық бәсекеге 75 мемлекеттен 600-ге жуық спортшы келді.
Айта кетсек, Нұрдәулет Жұмағали 1999 жылы дүниеге келген. 2020 жылы Токио Олимпиадасында 100 метрге брасс әдісімен жүзуде қола алса, 2024 жылы Париждегі сайыста Олимпиаданың күміс жүлдесін иеленді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.