Нұрдәулетов Орталық Азия мен Ресей қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесуіне қатысты

АСТАНА. KAZINFORM — Қауіпсіздік кеңестері хатшылары трансұлттық қатерлерге қарсы ынтымақтастықты талқылады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Фото: Адлет Беремкулов/Kazinform

Ғизат Нұрдәулетов «Орталық Азия — Ресей» форматындағы қауіпсіздік кеңестері хатшыларының үшінші кездесуіне қатысты.

Ресей Федерациясының Мәскеу облысында өткен іс-шара барысында халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, оның ішінде терроризм мен экстремизмге, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, есірткі айналымына қарсы іс-қимыл, халықаралық ақпараттық және киберқауіпсіздікті сақтау бойынша пікір алмасты.

— Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы өз сөзінде мемлекеттер басшылары қабылдаған 2025–2027 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарының одан әрі өзара ықпалдастықтың нақты бағдарларын айқындайтын құжат ретіндегі маңызын атап өтті, — делінген хабарламада.

Кездесуде трансұлттық қатерлерге қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, аса маңызды инфрақұрылым мен халықаралық көлік дәліздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ Ауғанстандағы ахуалға баса назар аударылды.

Қауіпсіздік кеңесінің хатшылары өңірлік тұрақтылықтың маңызды факторы ретінде су қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында күш-жігер жұмылдыру қажет екеніне тоқталды.

Бұған дейін Ғизат Нұрдәулетов Мәскеуде ТМД Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесуіне қатысқанын жазғанбыз.