Нұрғиса Тілендиев атындағы «Өз елім» музыкалық фестивалінiң жеңiмпаздары 1,2 миллионға ие болды

АСТАНА. 1 сәуiр. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Халық қаһарманы, қазақтың атақты күйші-сазгері әрі композиторы Нұрғиса Тілендиев атындағы ІІІ музыкалық «Өз елім» фестивалінiң жеңiмпаздарын марапаттау кешi өттi.

Нұрғиса артына өлмес мәңгiлiк саз, ән-жырын қалдырған биiк тұлға. Қазақтың рухын көтеретiн оның шығармалары қазiргi таңдағы талантты жастарды шабыттандырып, елордамызда екi күн бойы дүбiрлеп өткен байқауда еліміздің түкпiр-түкпiрiнен келген өнерлi өрендердiң ғана емес, әнсүйер жұрттың шалқып, бiр серпiлуiне ұйытқы болды. Аталмыш шара Астана әкiмi Иманғали Тасмағамбетов пен қалалық мәдениет басқармасының қолдауымен, биыл үшiншi рет Астана қаласының Мемлекеттiк филармониясының ұйымдастыруымен өтiп отыр.

Фестиваль парақтарына көз жүгiртсек, дәстүрге айналған бұл айтулы өнер додасына Қазақстанның барлық өңірлерінен 80-ге жуық кәсіпқой домбырашылар, әншілер және дирижерлер қатысып, өз өнерлерiн жұртшылыққа паш еттi. Айта кететiн болсақ, фестиваль "классикалық вокал", "домбыра", "дирижер" бойынша үш аталымда өттi. Жас өнерпаздарға өздерiнiң әдiл бағаларын берiп, қазылық еткендердiң қатарында Бибiгүл Төлегенова, Нұрғали Нүсiпжанов, Алтынбек Қоразбаев, Нұржамал Үсенбаева, Мұхтар Өтеуов, Секен Тұрысбеков, Айтқали Жайымов және Нұрғиса Тiлендиевтiң қызы Динара Тiлендиева болды.

Фестиваль шарты бойынша, Бас жүлде үшiн - 1 200 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық пен Астана қаласы әкімінің кубогы табысталды. Гран-при иесіне 800 000 теңге ақшалай сыйлық көзделген. Сондай-ақ бірінші орын алғандарға - 600 000 теңге, екінші орынға - 300 000 теңге, үшінші орынға - 150 000 теңге ақшалай сыйлықтар берілдi.

Қазылардың шешiмiмен фестивальдiң 2013 жылғы Бас жүлдесi мен Астана қаласы әкiмiнiң кубогi елордалық Руслан Баймурзин мен алматылық Айдос Жабағинге бұйырды.