Нұргүл Қарағойшина: Прокурор үшін бірінші міндет - қазақ тілін білу

АСТАНА. ҚазАқпарат - ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Бас прокурордың кеңесшісі Нұргүл Қарағойшина прокуратураға жұмысқа орналасқысы келген маманға міндетті түрде мемлекеттік тілді білу талабы қойылатынын мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХААтілшісі.

«Прокуратура өздеріңіз білетіндей, қалыптасып қалған орган. Прокуратура органдарына ішкі істер органдарында тергеу кезінде қаралған құжаттар келіп түседі. Сол себепті, осы келіп түскен құжаттарды қарау кезінде қазақ және орыс тілінде де істерді қарай алатын прокурорлар отыр. Бас прокурордың өзі екі тілде еркін сөйлей алатын, сөзге шешен басшы екенін білесіздер. Қазір талап өзгерді. Бір тілді білетін маманнан гөрі таңдау екі немесе үш тілді білетін маманға түседі. Сондықтан, қазіргідей бәсекелестік заманда, әркім жақсы жерде отырғысы келетін уақытта немесе өзін көрсеткісі келетін кезде прокурор үшін бірінші кезекте мемлекеттік тілді білу міндет», - дейді Нұргүл Қарағойшина.

Бас прокурордың кеңесшісінің айтуынша, Қазақстандағы прокурорлардың 80 пайызға дерлігі қазақ тілін меңгеріп алған.

«Бірақ, жұмыс бабына байланысты құжаттар айналымы көбінде орыс тілінде жүреді. Себебі, арыз жазушы өз халқымыз шағымын орыс тілінде жазып алып келеді. Сондықтан, өзіміз халық болып, ұлт болып, бастаманы қазақ тілінде айтпасақ, онда жауап та сондай болады. Сол үшін байланыс екі жақты болсын дегім келеді. Сол кезде біздің шаруамыз реттелер еді», - дейді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Нұргүл Қарағойшина Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ҚР Бас прокуратурасының бастамасымен «Рухани жаңғыру - патриотизм негізі» атты ведомствоаралық байқау өтетінін хабарлаған болатын. Оның айтуынша, биылғы байқауға 6 мемлекеттік орган қатысады. Олар - Бас прокуратура, ҚР ҰҚҚ Шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі, Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі, ҚР Қорғаныс министрлігі мен ҚР ІІМ.