Өнер иесі бүгінде өңірлерде жастар театрларының ашыла бастағанын қазақ театры үшін маңызды үрдіс деп бағалайды. Бұл туралы ол Jibek Joly телеарнасының «Бүгін. Live» бағдарламасында айтты.
Нұрқанат Жақыпбайдың айтуынша, Астанада Жастар театрын құру идеясы да күтпеген жерден келген. Ол кезде режиссердің шәкірттері оқуын аяқтап, әрқайсысы әр жаққа кеткелі тұрған. Астана тарапынан ұсыныс түскен соң, шәкірттерін жинап, жаңа театрды бірге құруға шешім қабылдаған.
– Астанадан ұсыныс түсті, жастар театрын ашу жайлы. Мен оны да күткен жоқпын. Балаларымды қимай жүргенмін. Жан-жаққа тарап кетеді-ау, бірге жүрсе дұрыс болатын еді деп ойладым. Сәтін салды. Жиналдық та, Астанаға шықтық. Қазір өңірлерде жастар театрлары ашыла бастады. Бұрын ондай болмаған. Бір қызығы, олар бізден көрді де, «бізде де болады екен ғой» деген ой келді. Қазір бүкіл облыста жастар театры ашылды. Бұдан асқан бақыт бар ма? – деді режиссер.
Өнер иесі үшін театрдың басты нәтижесі тек қойылымның көркемдік деңгейімен өлшенбейді.
Оның айтуынша, спектакль көрерменнің өміріне әсер етіп, қиын сәтте демеу бола алса, негізгі миссияның орындалғаны.
Нұрқанат Жақыпбай бірнеше жыл бұрынғы бір оқиғаны ерекше ықыласпен еске алды.
– Бір күні спектакльден кейін кабинетке келіп, спектакль қандай болды деп қайта-қайта ойланып отырдым. Сосын сырттан біреу келіп, сізді бір қыз күтіп тұр деді. Жақындап келсем, көзі өте мұңлы қыз жылап тұр екен. Иығыма басын қойып жылады. «Аға, сіз бүгін мені ең қиын жолға кетіп бара жатқан жерімнен құтқардыңыз. Сізге рахмет, өлімнен құтқарып қалдыңыз» деді. Рахметін айтып, басын көтеріп кетті. Өнердің құдіреті осы. Бұл оқиға мәңгі есімде қалды. Бір адамға септігің тиді. Кеше марапат кезінде тура осыны есіме алдым, – деді ол.
Режиссер шығармашылық жолында шәкірт тәрбиесіне ерекше мән бергенін айтты. Дәурен Шерғазин, Әділ Ахметов, Айнұр Рахимова секілді шәкірттерінің өнерде өз орнын қалыптастырғанын атап өтті.
– Шәкірт ұстазынан асып түскен сәт – ең бақытты сәт. Бір демалып қаласың. Өмірдің мәні сол. Дәурен Шерғазин, Әділ Ахметов, Айнұр Рахимова секілді шәкірттерім өнерде өз орнын қалыптастырды. Шәкірттеріммен қарым-қатынасым кәсіби шеңбермен ғана шектелмеген. Жас театр ұжымымен бірге жүрген алғашқы кезеңдерде тұрмыстық қиындықтарды да бірге бөлістік, – деді Нұрқанат Жақыпбай.
Нұрқанат Жақыпбайдың айтуынша, өнер жолында ең маңыздысы – үнемі алға ұмтылу. Ол өзіне мақсат қойғаннан кейін жолдағы қиындықтарға қарамай, келесі шығармасын ойлап, ізденісті жалғастыра беретінін жеткізді.
Жақында Мемлекет басшысының қолынан Қазақстанның халық әртісі атағын алған режиссер бұл марапатты күтпегенін де айтты.
Оның сөзінше, ол жоғары марапатты жеке өзінің ғана емес, бірге еңбек еткен шәкірттерінің еңбегіне берілген баға деп қабылдайды.
– Мен жалпы мұндай марапат күткен жоқ едім, білген де жоқпын. Білмей келдім. Президент келіп марапаттап сұрағанда, әрине, ыңғайсыз сезіндім. Бір қуанышым, толқуым аралас болды. Содан кейін есімді жия бастадым. Бұл жалғыз мен үшін емес, өзім басқарып жүрген шәкірттерімнің еңбегінің арқасында қол жеткен дүние деп есептеймін, – деді режиссер.
Нұрқанат Жақыпбайдың айтуынша, бүгінде театрға келіп, қойылымнан кейін актерлер мен режиссерлерді күтіп тұратын жастар көбейген. Ол мұны көрерменнің өнерге деген қызығушылығы мен құрметінің артып келе жатқанының белгісі деп бағалады.
Айта кетейік, бұған дейін, театр маусымының қорытындысын жазған едік. Биыл 2,8 млн-нан астам көрермен спектакль тамашалады.