Нұрлан Әбдіров: Мемлекетте бес әлеуметтік бастаманы іске асыратын қаражат бар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жариялаған бес әлеуметтік бастамасы туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«11 млн шаршы метр тұрғын үй (бір жылда - авт.) салынды. Президент өз сөзінде бұл ауқымның жетпейтінін атап өтті. Бірнеше жыл бұрын жылына 6 млн шаршы метр салынса, бұл айтарлықтай керемет көрсеткіш ретінде саналатын. Бүгінгі күні 11 млн шаршы метр мәселені шешпей тұр. Сондықтан, банктердің қолжетімді несиелері әлбетте, көбейеді. Адамдардың басым бөлігінде «арманды жақындатып, оны шынайылыққа айналдыруға» мүмкіндік туады», - деді мәжілісмен.

Депуаттың пайымдауынша, газ құбырларының салынуының да маңызы зор.

«Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желілерден-ақ Астананың аспанын қаншалықты түтін басып кеткенін көріп отырамыз. Уақыты келгенде мұның бәрі өткен күннің бір парасы болып қалатын кез туар. Себебі, қатты отындардың ауаға таралуы алты есеге азайса, бұл біршама мәселенің шешілетінінен хабар беріп тұрған жоқ па!? Біздің Сіздермен бірге елордада жағдайымыз жақсара түседі. Газ құбырлары бойынша айтылған жұмыс 2,5 миллион адамның өмірін қамтиды. Мұны да ескерейік», - деді ол.

Нұрлан Әбдіров сонымен қатар, заңгер ретінде бір мәселеге назар аударатынын тілге тиек етті.

«Елбасы бүгін өз сөзін аяқтар тұста Конституция бойынша біз бәріміз бірлесіп әлеуметтік мемлекет құрып жатқанымызды атап өтті. Белгіленген бес әлеуметтік бастама - ең алдымен Қазақстан әлеуметтік мемлекеттің іргесін қалауға бағытталған. Екіншіден, депутаттарға тиісті заңдарды қабылдап, тезірек осы президенттік әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру міндеттелді. Өздеріңіз естігендей, Президент «бәрінің есептеліп отырғанын» ерекше атап өтті. Демек, бұл әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру мақсатында нақты қаржы мемлекетте бар. Осы жұмыстарды іске асыруға Президент бизнесті атсалысуға шақырды», - деп түйді Нұрлан Әбдіров.