Нұрлан Әбдіров Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлаушыларға үндеу жасады.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— 2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасының тарихында тұңғыш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Сіздерді еліміздің одан әрі дамуындағы жаңа кезеңді айқындайтын тарихи оқиғаға қатысып, азаматтық жауапкершілік танытуға және конституциялық құқықтарыңызды жүзеге асыруға шақырамыз, — деді Нұрлан Әбдіров.

Оның айтуынша, азаматтардың Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысу құқығын қамтамасыз етудің негізгі кепілі — сайлаушылар тізіміне енгізілуі.

ОСК мәліметінше, сайлаушылар тізімдері азаматтардың тұрақты тіркелген мекенжайы бойынша жасалады. Ал уақытша тіркеуде тұрған азаматтар жергілікті атқарушы органға өтініш беру арқылы уақытша орналасқан жері бойынша дауыс бере алады.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Сондай-ақ сайлау учаскелерінің шекаралары мен учаскелік сайлау комиссияларының орналасқан жерлері туралы ақпарат 2026 жылғы 16 шілдеге дейін жарияланады.

— Әрбір азамат өзінің тіркелген жері бойынша жергілікті атқарушы органға жүгініп, сайлау учаскесін және сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексере алады. Егер тізімде болмаса, әкімдікке тиісті өтініш беру құқығы бар, — деді ОСК төрағасы.

Бұдан бөлек, жазғы демалыс маусымы ескеріліп, азаматтарға есептен шығару куәлігін алу арқылы өзге елді мекенде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылғаны айтылды.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, 2026 жылғы 7 тамыздан бастап азаматтар өздерінің сайлау учаскелерінде сайлаушылар тізіміндегі деректерін тексере алады. Қажет болған жағдайда мәліметтерді нақтылау немесе өзгеріс енгізу үшін учаскелік сайлау комиссиясына өтініш беруге болады.

Бұған дейін Құрылтай сайлауына дайындықтың күнтізбелік жоспары таныстырылғанын жазған едік.