Нұрлан имам: Хиджама — медициналық процедура емес
АСТАНА. KAZINFORM — «Ырыскелді қажы» мешітінің Бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы BIZDIÑ ORTA подкастінде жын шығару, хиджама сияқты жоралғылардың денсаулыққа зиянды болуы мүмкін екенін ескертті.
— Қазір елдің ішінде хиджама деген дүние тарады. Бұл медициналық процедураға жатпайды екен. Сол үшін бұлар кәдімгідей жеке кәсіпкер ретінде, салық төлеп қана жұмыс істеп жатыр. Бірақ, кешіріңіз, осындай процедуралардан кейін көз жұмғандар бар. «Жын шығарамыз» деп қылқындырып өлтіріп қойғандар, өлтірмесе де соған жеткізе жаздаған жағдайлар бар, — деді имам.
Сондай-ақ, ол діни жоралғыны алаяқтықтан ажырату оңай емес екенін айтады.
— Сондықтан мұның ара-жігін ашу керек. Діни ғұрыптардың шариғат сәйкестігін діни басқарма қарап, алаяқтық мәселесін полиция бақылау керек, — деді Нұрлан Байжігітұлы.
Осыдан бұрын Нұрлан қажы Байжігітұлы қазақстандықтарды қашықтан дем салғызудан аулақ болуға шақырғанын жазған едік.