Нұрлан Ноғаев Атырауда ауаның ластану себебін анықтауды тапсырды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Атырауда ауаның ластану себебін анықтауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл буланудан емес, мұнай өнімдерінің исі екендігі анық. Қолдарыңызда ауаны бақылайтын бүкіл құрал-жабдық бар. Бұл қашанға дейін жалғасады. Тыныс алу қиын ғой. Тұрғындардың бәрі шағымданады. Мамандарды жіберіңіздер, сынамаларды алыңыздар да, қорытындысын шығарыңыздар», - деді Нұрлан Ноғаев облыс әкімдігінде «Қазгидромет» РМК Атырау филиалы және табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшыларының қатысуымен өткен жиналыста.

Жергілікті билік экологтардан және басқа да мониторинг қызметтерінен осы бір түйткілді мәселені шешуді біраздан бері талап етіп отыр. Соңғы алынған деректер, қала аумағындағы ауа құрамындағы күкіртті сутектің мөлшері нормадан көп екенін көрсеткен.