Нұрлан Ноғаев Атыраудағы бейберекет салынған құрылысты тоқтатуды талап етті

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев облыс орталығындағы бейберекет салынған құрылыстарды тоқтатуға шақырды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Егер шағын аудандардағы үйлердің жағдайына қарасаң, қарның ашады, үйлердің арасында бір бос орын жоқ, балаларға ойын алаңы салынбаған. Құрылыс қалай болса солай орналасқан. Бір жапырақ бос жер тауып, 7-8 үйді салып қою қағидатымен жұмыс істеуді қою керек. Қазір балалардың ойнайтын жері жоқ! Спорт алаңдары жоқтың қасы. Балаларға спортпен айналысуға жағдай жасаңдар. Бұл Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы», - деді Ноғаев сәулетшілер мен құрылысшылардың қатысуымен өткен әкімдік мәжілісінде.
«Егер балаларда спорт, ойын алаңдары болмаса, балалар қылмысы өзекті болмас еді. Қазір балалар не компьютер алдында отырса, не көшеге шығады. Энергияларын спортқа жібере алмаған соң, келеңсіз жағдайларға ұрынып жатады», - деп қосты ол.

Өңір басшысы қалада автотұрақтардың жоқтығына баса назар аударды.

«Атырау - Қазақстанның мұнайлы астанасы дейміз. Орталық алаңнан сәл шықсаң, жұмыстар жүргізілмей жатқанын бірден байқайсың. Автотұрақтың жоқтығы азаматтарға да, жергілікті полиция қызметкерлеріне де қолайсыздық тудыруда.

Адамдар көліктерін қалай болса солай қоюға мәжбүр. Үйлер бір-біріне тым жақын орналасқандықтан аулада автотұрақ қайдан болсын.

Бұл мәселе бұрын неге көтерілмеген? Бұл жиынға қаланың, облыстың дамуына тікелей жауап беретіндер жиналды. Егер біз жасамасақ, бұл жұмысты кім істейді? Министр келіп істеп бере ме?

Егер автотұрақ салуға орын жетпесе, көп деңгейлі паркинг, не автотұрақты жертөле қабатында салыңдар», - деді Ноғаев. Ол Атырау әкімі Серік Шапкеновке ойын, спорт алаңдары, автотұрақ салу есебінен қаланы абаттандыру нұсқасын қарауды тапсырды.