Аймақ басшысы алдымен Ганюшкино селосындағы туберкулезбен ауыратындарға арналған шипажайға барды. Бұрын туберкулез ауруханасы болған бұл ғимарат бірнеше жылдан бері бос тұрған еді. Шипажай қазіргі заманғы талапқа сай болмағандықтан, соңғы стандарттар бойынша жабдықталған жаңартылған ғимарат салу туралы шешім қабылданған. Облыс әкімі осындай медициналық нысандар құрылысын басқа аудандардан да жүргізу мәселесін қарастыру туралы тапсырма берді.
-Біз бұл ауруды жеңу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Бұл ақша санап отыратын мәселе емес. Қанша қажет, сонша бөлеміз. Туберкулез - әлеуметтік ауру, онымен күресу керек. Біздің мақсат - аурушаңдық бойынша нөлдік көрсеткішке қол жеткізу, - деді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиеваның айтуынша, мұнда сауығуға, иммунитетті көтеруге, ауру санын азайтуға қажетті барлық жағдай жасалады.
Айта кету керек, Құрманғазы ауданында Атырау облысындағы тірек-қозғалыс аппараты бұзылған балаларға арналған жалғыз мемлекеттік оңалту орталығы жұмыс істейді. Қазір мұнда 20 бала ем қабылдауда. Орталықтың жұмысымен танысып, мамандармен сөйлескен Нұрлан Ноғаев осы салада жеке бизнеспен серіктестікте жұмысты ұйымдастыруды тапсырды. Аймақ басшысы мұндай орталықтарды мемлекет қамтамасыз ететінін айтты.
-Кәсіпкерлер осындай орталықтар салулары керек, біз өз тарапымыздан мемлекеттік тапсырыспен қамтимыз. Ерекше балалар ғана емес, басқа санаттағы азаматтар да, мысалы жүрегі ауыратындар да сауықтыру шараларын алғылары келеді, - деді Нұрлан Ноғаев.