Нұрлан Нығматулин бірқатар елдердің спикерлерімен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің Үшінші жиналысы аясында Вьетнам, Иордания, Иран, Қытай, Корея, Қырғызстан, Өзбекстан Парламенті Спикерлерімен кездесті. Бұл туралы ҚазАқпрат Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Корея Республикасының Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Мун Хи Сэнмен әңгімелесу барысында Қазақстан - Оңтүстік Корея ынтымақтастығының кешенді және парламентаралық байланыстарды дамытудың маңызы туралы айтылды.

Нұрлан Нығматулин Оңтүстік Корея біздің еліміздің Шығыс Азиядағы стратегиялық әріптестерінің бірі болып табылатынын және 2016 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сеулге жасаған сапары екі жақты серіктестікті дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашқанына тоқталды.

Өз кезегінде Мун Хи Сан жыл артқан сайын жақын Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасындағы байланыстың нығая түскенін айтты. Сондай-ақ, Ұлттық Ассамблея төрағасы Қазақстан Президентіне Корей түбегіндегі диалогты дамытуға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Мун Хи Сан Қазақстанның келесі жылы Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің Төртінші кездесуін өткізу туралы бастамасын қолдап, шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына тілектестік білдірді.

Нұрлан Нығматулиннің Қырғызстан Жоғары Кеңесінің спикері Дастанбек Жұмабеков және Өзбекстан Парламентінің спикері Нұрдинжон Исмоиловпен кездесуі барысында парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі арттыру туралы келісімдер жасалды.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың достық қатынастарды дамыту және көрші мемлекеттермен тиімді ынтымақтастықты тереңдету туралы саясатына назар аударған Мәжіліс Төрағасы мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтар елдер арасындағы қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін айтты.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Бүкілқытайлық Халық Өкілдері Жиналысы Төрағасының орынбасары Байма Чилинмен, Вьетнам Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Нгуен Ти Ким Нган, Иордания Сенатының Төрағасы Файзал Акиф Аль-Файзмен, сондай-ақ Иран Исламдық Консультативтік кеңесінің төрағасы Әли Әл-Ларимен кездесіп, парламентаралық диалогты дамыту мәселелерін талқылады.