Нұрлан Нығматулин ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының төрағасымен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Кристин Муттоненмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжіліс Төрағасы аталған кездесу біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға толыққанды мүше болғанына 25 жыл толған, сондай-ақ, біздің мемлекетіміз үшін елеулі кезең - бүкіл әлемдік ЭКСПО көрмесі аясында өтіп отырғанын атап өтті.

 Осы ретте Н. Нығматулин ЕҚЫҰ сияқты беделді ұйымның ЭКСПО-ға қатысуы көрменің маңыздылығын арттыра түсетінін жеткізді.

 Одан әрі кездесу иелері ЕҚЫҰ мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың өзекті сұрақтарын талқылады.

Н. Нығматулин атап өткендей, Қазақстан мен ЕҚЫҰ-ның әсіресе, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолындағы ұстанымдары ұқсас.

Осы орайда Мәжіліс Спикері ғаламдық проблемаға айналған экстремизм мен терроризм мәселесіне жан-жақты тоқтала келіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ аясында ғаламдық контртеррорлық желі құру туралы бастамасының өзектілігіне тоқталды.

Өз кезегінде К. Муттонен Қазақстанның халықаралық деңгейдегі соның ішінде, Украина, Сирия елдеріне қатысты маңызды мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарып келе жатқанын алға тарта келіп, біздің еліміздің 25 жыл ішінде жеткен жетістіктеріне өте жоғары баға берді.

Мейман ЭКСПО көрмесіне арқау болған болашақ энергиясы тақырыбына да айрықша мән беріп, Қазақстанның жаңартылған энергия көздеріне байланысты батыл бастамалары өзгелерге үлгі болатындығын жеткізді.

 Тараптар ЕҚЫҰ-ның экономика-экологиялық өлшемдері аясында қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейту жайына да баса көңіл бөлді.

  Мәжіліс Төрағасы мейманды Парламент Мәжілісінің қазіргі қызметі жайында толыққанды хабардар ете келіп, өзара ықпалдастықты нығайтудағы Парламент рөліне тоқталды.

ЕҚЫҰ ПА төрағасы Мәжіліс Төрағасын Австрияға ресми сапармен келуге шақырды.