«Еліміз бойынша лифтілермен жабдықталған көпқабатты тұрғын үйлер саны 8,5 мыңға жеткен немесе 23,5 мың лифт бар. Олардың ішінде 40 пайызы жұмыс істемейді. Мысалы, Семейде 127 лифтіні ауыстыру қажеттігі бар. Олар 30 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді», - деді депутат Василий Олейник Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның атап өтуінше, Оралдағы 375 лифтінің 109-ын ауыстыру керек, ал Сәтбаев қаласында 80 пайызы істен шыққан. Сонымен қатар Алматыда жөндеуді және ауыстыруды қажет ететін - 1900 лифт, Павлодар облысында -1500, Қарағанды облысында 736 лифт бар екен. Жалпы, еліміз бойынша 6 мыңнан астам лифтінің пайдалану мерзімі асып кеткен.
Лифтілердің нашар техникалық жағдайы адамдардың өмірі мен денсаулығына тәуекел тудыратынына тоқталған депутат: «Осы орайда, өкілетті органдар тарапынан бақылауды күшейту керек», - деді.
Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин көтеріліп отырған мәселенің өзектілігіне назар аударды.
«Кез келген әкім кездесулер барысында жақсы жұмыс істейтіндігі жөнінде кеудесін қаққанына қарамастан, қарапайым азамат кешке жұмыстан қайтқанда, 9-ыншы қабатқа жаяу көтеріліп бара жатып өз бағасын береді. Мейрам Құдайбергенұлы (депутат Мейрам Пішембаев - авт) Қазақстан Машина жасаушылар одағына басшылық етеді. Аталған салаға қажетті арнайы қаржы бөлінуде. Лифт шаруашылығы бойынша шағын зауытты ашудың уақыты жеткен шығар. Тек бір қалада жұмыс істемейтін 1900 лифт бар. Атап айтқанда, бұл инфрақұрылымның барлығы халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне тікелей әсер етеді ғой», - деді Нұрлан Нығматулин.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда лифт қызметі жөніндегі ұлттық стандарт барлық компанияларға міндеттелуі мүмкін.