Кеңестің кезекті көшпелі отырысы Душанбеде өтуі керек болатын. Алайда, коронавирус індетіне байланысты күн тәртібіндегі мәселелер бейнеконференция режимінде талқыланды.
Отырысқа Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның Парламент спикерлері, сондай-ақ, Сербия мен Ауғанстан Парламентінен ҰҚШҰ ПА бақылаушылары қатысты.
Қатысушылар Парламенттік Ассамблеяның 2021–2025 жылдарға арналған іс-шаралар бағдарламасының жобасын қарады. Отырыста сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин құжат нормативтік-құқықтық базаны кеңейтуге және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді жетілдіруге бағытталған көптеген тақырыптар мен бағыттарды қамтитынын атап өтті. Бағдарлама жобасы ҰҚШҰ ПА тұрақты комитеттерінде және ұлттық парламенттерде қаралады.
- Модельдік заңнаманы әзірлеу кезінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұстанымдары мен мақсаттарын және ҰҚШҰ Жарғысын басшылыққа алып, сондай-ақ, Ұйымға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын ескеру қажет, - деді Нұрлан Нығматулин.
Сонымен қатар, жиынға қатысушыларға ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің күзгі сессиясының қорытындылары, Ұйымның жауапкершілік аясындағы ахуалы, ұжымдық қауіпсіздікке төнетін қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-шаралар және ҰҚШҰ аясында жасалған халықаралық шарттарды ратификациялау туралы ақпарат берілді.