Бұған дейін SEMEY BUS ЖШС 167 млн теңге қарызға батып, жұмысшыларға жалақы төленбей, қалада қоғамдық көлік проблемасы орын алған еді.
«Бұл — көктемде де, қыста да болған нәрсе. Семейде жұмыс істеп жатқан компаниялар биыл қосымша 126 жаңа автобус сатып алады. Біз барлық компаниялармен жұмыс істеп жатырмыз. Автобус тасымалымен айналысатын компаниялармен сөйлестік, егер халық наразылығы болса, басқа өңірлерден жаңа компанияларды тартамыз деп ашық айттық», — дейді облыс әкімі.
Н. Ұранхаевтың айтуынша, қаладағы автобуста жол жүру ақысы — 80 теңге.
Мүгедектігі бар жандар және басқа да санаттар тегін жүреді. Шығын толығымен өтелмейді.
«Сол себепті бұл компанияларға бюджеттен қосымша субсидия береміз. Сондықтан оларға талап қойып отырмыз. 1 қыркүйекте оқу жылы басталғанда қоғамдық көлікте орын жетіспеушілігі байқалды. Себебі бір жерден 400 адам бір уақытта шығады, түсте бір уақытта бәрі қайтады. Онда да автобус кестесін қайта қарап, түзету енгізіп, мәселені шештік», — деді Нұрлан Ұранхаев.
Сонымен бірге, облыс әкімі 2025 жылдың аяғына дейін ауыз су мәселесі 100 пайыз шешілетініне уәде берді.
Айта кетейік, «Jibek Joly» телеарнасы «Уәде» атты жаңа жобаны бастады. Бағдарламада Үкімет мүшелері, облыс пен қала әкімдері, ұлттық компаниялардың жетекшілері қонақ болып, жүргізушінің өткір әрі өзекті сұрақтарына жауап береді.
Жобаның мақсаты — лауазымды тұлғалардың халыққа берген уәдесі мен Президенттің тапсырмаларын орындау аясында жауаптар алу.
Бағдарлама саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайлар мен мәдени-рухани кеңістікті де қамтиды.
Жаңа жобаның алғашқы қонағы — Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев болды.