Нұрлыбек Асылбеков СҚ-Фармация басқарма төрағасы қызметіне келді

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы болып Нұрлыбек Әбибұллаұлы Асылбеков тағайындалды.

«Нұрлыбек Асылбеков жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасын басқарды», – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.

Нұрлыбек Асылбеков 1966 жылы 24 маусымда дүниеге келген. Алматы мемлекеттік медицина институтының Шымкент қаласындағы филиалын, М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтын және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік институтын бітірген. «Провизор», «Заңгер», «Экономист» мамандықтары бойынша білімі бар.

Еңбек жолын 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданындағы «Фармация» АҚ-да провизор-технолог және бас маман болып бастаған.

2002-2020 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармацевтикалық бақылау комитетінің Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары, Алматы және Астана қалалары бойынша басқармалары мен департаменттерін басқарды. 2007-2009 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде бөлім басшысы қызметін атқарды.

Сондай-ақ әр жылдары Астана қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінде, Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінде, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінде төрағаның орынбасары лауазымдарында еңбек етті. Сонымен қатар ҚР ДСМ Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау Ұлттық орталығы бас директорының кеңесшісі болды.

Айта кетейік, «СҚ-Фармация» Бірыңғай дистрибьюторды құру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Үкіметі 2009 жылғы 11 ақпанда қабылдады. Компанияға тегін медициналық көмек пен әлеуметтік медициналық сақтандырудың кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық ұйымдарға дәрі-дәрмектерді сатып алу және жеткізу бойынша бірыңғай оператор функциялары жүктелген.

Айта кетейік, Талғат Алдыбергенов «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы болып тағайындалды.