Нұрлыбек Нәлібаев Kazakhstan Paramount Engineering зауытының жұмысымен танысты

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Астанадағы броньды дөңгелекті машина мен арнайы техника өндіретін Kazakhstan Paramount Engineering зауытына барды.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Кәсіпорында Arlan және Alan-2 броньдалған дөңгелекті машиналары, Barys жауынгерлік броньды көлігінің 4×4, 6×6 және 8×8 өлшеміндегі модельдері, сондай-ақ, жүзетін әрі дөңгелекті Terrex-Barys-A 8×8 платформасы шығарылады.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Онда мамандар Нұрлыбек Нәлібаевты броньды дөңгелекті техникаларды жобалау және өндіру технологиясы туралы хабардар етті. Вице-премьерге зауыттың өндірістік қуаты мен техниканы жасаудың толық үдерісі – металды өңдеуден, броньды капсулаларды дайындаудан бастап, соңғы құрастыру, жүйелерді біріктіру және дайын өнімді сынақтан өткізуге дейінгі барлық кезең көрсетілді.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Зауыттың бас инженері Төленді Жұртбаевтың айтуынша, өндіріс барысында металды өңдеу, дәнекерлеу, кесу және корпусты құрастыру тәрізді жұмыстар атқарылады. Бұдан кейін техника қажетті жабдықтармен және түрлі жүйелермен қамтамасыз етіледі.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

– Әуелі арнайы броньдалған болат зауытқа табақ металл түрінде жеткізіліп, өндірістің барлық кезеңінен өтеді. Соның нәтижесінде броньды техника дайын болады, – деді ол.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Зауыттың өндірістік қуаты жылына 500 броньды техника шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын іске қосылғаннан бері әртүрлі үлгідегі 400-ден астам броньдалған дөңгелекті техника өндірілген. Ал 2028 жылға дейін 224 техникаға тапсырыс берілген.

Іс-шарада техниканың сенімділігі мен қорғаныс деңгейіне ерекше назар аударылды. Kazakhstan Paramount Engineering шығарған броньдалған машиналар баллистикалық және минаға қарсы қорғаныс бойынша сертификаттау сынақтарынан өткен. Сондай-ақ, оларды қазақстандық әскерилер БҰҰ-ның Голан жоталарындағы бітімгерлік миссиясында пайдаланған.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Кәсіпорын мәліметінше, Қарулы күштер техниканы 10 жылдан астам уақыттан бері пайдаланып келеді. Бұл аралықта айтарлықтай ақау не істен шығу жағдайлары тіркелмеген.

– Минаға қарсы және баллистикалық қорғаныстың басты мақсаты – жауынгерлік кезекшіліктегі экипаж мүшелерінің өмірін сақтау. Техниканы әзірлеу мен жетілдірудің негізгі қағидаты – осы, – деді кәсіпорынның техникалық директор орынбасары Олжасбек Қартқожақов.

Оның айтуынша, енді негізгі мақсаттардың бірі – броньды техникаға қажетті бөлшектерді елімізде өндіру деңгейін жоғарылату.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

– Біз өндірісті автоматтандыруға, тиімділігін арттыруға, өнім сапасын жақсартуға, Қазақстанда жасалған бөлшектер үлесін көбейтуге басымдық береміз, – деді ол.

Бас инженердің сөзінше, 2015 жылы іске қосылғаннан бері кәсіпорынның өндірістік және инженерлік әлеуеті жүйелі түрде дамып келеді. Қазіргі таңда зауытта 400-ден астам адам еңбек етеді. Олар – негізінен, жергілікті мамандар.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Сонымен қатар, бүгінде броньды техниканы экспорттау мәселесі бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Kazakhstan Paramount Engineering өкілдерінің мәліметінше, өнімге көршілес мемлекеттердің әлеуетті тапсырыс берушілері қызығушылық танытып отыр.

Жалпы, Kazakhstan Paramount Engineering қорғаныс техникасы, электроника, байланыс, машина жасау және инженерлік кадрларды даярлау салаларындағы кәсіпорындарды біріктіретін Barys Dynamics компаниялар тобының құрамында бар.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Одан бөлек, Премьер-министрдің бірінші орынбасарына холдингтің электронды-оптикалық кешендер, радиолокациялық станциялар, байланыс құралдары, роботтандырылған платформалар және жауынгерлік модульдер саласындағы жобалары таныстырылды. Олардың кейбірінде қазақстандық бөлшектердің үлесі 70%-дан асады.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Зауыттан аттанарында Нұрлыбек Нәлібаев отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту, жергілікті бөлшектер өндірісін кеңейту, заманауи технологияларды енгізу және елдің инженерлік әлеуетін нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Түркия броньды көліктерін электрлі қозғалтқышқа көшіре бастағанын жазғанбыз.