Нұрлыбек Нәлібаев Қытайда Транскаспий бағытын дамыту мәселесін көтерді

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесі Премьері орынбасарының шақыруымен Қазақстан Үкіметінің делегациясын бастап Бейжің қаласына жұмыс сапарымен барып, «Жаһандық орнықты көлік форумына» қатысты.

Фото: Үкімет

Форумның салтанатты ашылу рәсімінде Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстанның көлік саласын дамытудағы басым бағыттарын, халықаралық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды, Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы көлемінің тұрақты өсімін және көлік-логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін таныстырды.

Сапар бағдарламасының маңызды бөлігі – ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасарының ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары, Қазақстан – Қытай Ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы Дин Сюэсянмен алғашқы екіжақты кездесуі болды.

Фото: Үкімет

Кездесуде тараптар екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейту, ауыл шаруашылығы мен жоғары технологиялар салаларындағы және өңіраралық байланыстарды дамыту, инвестициялық өзара іс-қимылды жандандыру, трансшекаралық өзендер мәселелеріне, Қазақстан – Қытай Ынтымақтастық комитетінің қызметіне, екіжақты ынтымақтастықтың басқа да өзекті бағыттарына назар аударды.

Нұрлыбек Нәлібаев Транскаспий халықаралық көлік бағытына (ТХКБ) арналған жоғары деңгейдегі сессияда сөз сөйледі.

Аталған сессияға ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Шохрат Закир, Әзербайжан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Шахин Мустафаев және Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Эрлист Акунбеков қатысып, баяндама жасады.

Қатысушылар ТХКБ-ның халықаралық жүк тасымалы жүйесіндегі рөлі жыл сайын артып келе жатқанын және оның Қытай мен Еуропаны байланыстыратын маңызды көлік дәлізіне айналғанын атап өтті.

Фото: Үкімет

Сессиядан кейін өткен форумның салтанатты ашылу рәсіміне шет мемлекеттердің үкіметтік және министрлік деңгейдегі делегациялары, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, сарапшылар қауымдастығы мен іскерлік топтардың мыңға жуық өкілі қатысты.

Сапар шеңберінде қытайлық «China Communications Construction Company» (CCCC) президенті Чжан Биннаньмен және «CITIC Group» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Си Гохуамен екіжақты кездесулер өтті.

Тараптар Қазақстанға инвестиция тарту, бірлескен инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, жаңа салалардағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

Форумнан бұрын Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы елшілігінде «CITIC Group» директорлар кеңесінің төрағасы Си Гохуаны II дәрежелі «Достық» орденімен салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жоғары мемлекеттік марапатты Нұрлыбек Нәлібаев табыстап, Си Гохуаның қазақ-қытай достығын нығайтуға және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі жеке үлесін атап өтті.

Фото: Үкімет

Сондай-ақ «Достық» орденін табыстау қазақ-қытай қатынастарының беріктігін айқындайтын тағы бір символға айналып, «CITIC Group» компаниясымен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қосымша серпін беретініне сенім білдірді.

Си Гохуа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына жоғары мемлекеттік марапат үшін шынайы алғысын білдірді. Бұл марапатты екі мемлекет басшыларының стратегиялық басшылығымен жүзеге асырылып жатқан бірлескен күш-жігерді, Қазақстан мен Қытайдың іскерлік топтарының екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін мойындау ретінде бағалады.

«CITIC Group» басшысы қазақ-қытай қатынастарының ерекше сипатына және екі елдің іскерлік топтарының жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға, мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды ілгерілетуге жауапкершілікпен қарайтынын атап өтті.

Осыған дейін Чунциннен Алматыға алғаш рет тікелей әуе рейсі ашылғаны туралы жаздық.