Нұрлыбек Нәлібаев Павлодар облысындағы ірі өнеркәсіп және энергетика жобаларымен танысты

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары барысында өңір әкімі Асайын Байхановпен бірге Екібастұз қаласындағы бірқатар ірі өнеркәсіптік және энергетикалық кәсіпорынды аралады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Үкімет

Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен, Үкіметтің жіті бақылауымен аймақтағы ірі өндіріс орындарына инвестиция тарту, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту және инженерлік-коммуналдық кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сапар аясында Нұрлыбек Нәлібаев еліміздегі ең ірі көмір өндіруші кәсіпорын – «Богатырь Көмір» ЖШС қызметімен танысты. Кәсіпорын Қазақстандағы жалпы көмір өндірісінің шамамен 38%-ын қамтамасыз етеді. «Богатырь» және «Северный» кеніштерінің жылдық өндірістік қуаты 42 млн тонна, мұнда 6,5 мыңнан астам адам еңбек етеді, олардың орташа айлық жалақысы 750 мың теңгеден асады. 2032 жылға дейін жалпы инвестиция көлемі 360 млрд теңге болатын кешенді даму жоспарын жүзеге асыру көзделген.

Фото: Үкімет

Бұдан соң Премьер-министрдің бірінші орынбасары Екібастұз жылу электр орталығындағы «Energy Solutions Center» ЖШС жаңғыртып жатқан станса қызметін және «70/30» бағдарламасы аясында генерациялау қуатын арттыруға бағытталған инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысын қарады. Нұрлыбек Нәлібаев жоспарланған барлық іс-шараны уақытылы орындау, жабдықтарды жаңарту және жылумен жабдықтау жүйесін жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.

Сапар аясында Үкімет мүшелерінен құралған делегация Railways Systems KZ тобының кәсіпорындарын аралап көрді. Railways Systems KZ – теміржол көлігін жасайтын Қазақстандағы ең ірі холдинг. Кәсіпорын ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімдерін ТМД және ЕАЭО елдеріне де экспорттайды.

Фото: Үкімет

Премьер-министрдің бірінші орынбасары қазақстандық үлесті арттыру, қосылған құны жоғары өнім өндірісін кеңейту қажет екенін айтты. Сапар барысында салалық министрліктерге, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, даму институттары және өзге де мүдделі ұйымдарға 2035 жылға дейінгі теміржол жылжымалы құрамын өндіру мен жеткізудің ұзақмерзімді жоспарын бекіту, отандық өндірушілермен ұзақмерзімді келісімшарттар жасау, сондай-ақ жылжымалы құрамды сатып алу мен кәсіпорын қызметкерлеріне тұрғын үй салуды қаржыландыру тетіктерін әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.

Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары «Mineral Product International» ЖШС, «Kazferro Limited» ЖК және «EkibastuzFerroAlloys» ЖШС жүзеге асырып жатқан ферроқорытпа өндірістерін салу жобаларымен танысты. Аталған жобаларды жүзеге асыру металлургия саласындағы өнім өндірісін едәуір ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және еліміздің экспорттық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік беретініне назар аударылды.

Фото: Үкімет

Сонымен қатар жалпы құны 330 млрд теңгеден асатын жаңа ферроқорытпа өндірістерін салу жобасы да қаралды. Кәсіпорындар жобалық қуатына шыққаннан кейін жылына шамамен 460 мың тонна ферроқорытпа өндіретін болады. Нәтижесінде 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, өнім ішкі нарықпен қатар экспортқа да бағытталады.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Екібастұз МАЭС-2 стансасына барып, өңірдің энергетикалық әлеуетін айқындайтын жобалармен танысты. Нұрлыбек Нәлібаев энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін жеткізді. Ол барлық жобаны уақытылы жүзеге асыру, жаңа энергетикалық нысандар құрылысын белгіленген мерзімде аяқтау және өндірістік қуатты уақытылы пайдалануға беруді тапсырды.

Үкімет су саласындағы жобалардың орындалуын қатаң бақылауға алатынын жазған болатынбыз.