Нұрлыбек Өнербаев Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының әкімі қызметіне тағайындалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының әкімі қызметіне Нұрлыбек Өнербаев тағайындалды. Ол бұған дейін облыстық Қаржы басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарғалы аудандық мәслихатының кезектен тыс жиырма бірінші сессиясы өтті. Оған депутаттармен қатар Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, аудандық мәслихат төрағасы Сапарбек Аманжолов қатысты.
- Отырыс барысында өңір басшысы Асхат Шахаров Қарғалы ауданы әкімінің лауазымына Өнербаев Нұрлыбек Амандоллаұлын тағайындауға ұсыныс білдірді, өмірбаянымен таныстырды. Мәслихат депутаттары облыс әкімін қолдап, ұсынысқа бірауыздан келісім берді. Асхат Шахаров, депутаттар жаңа аудан басшысының алдағы жұмысына сәттілік тіледі,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Нұрлыбек Өнербаев Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының тумасы. 2002 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша бітірген. 2004 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 2002 жылы Ақтөбе қаласының қаржы бөлімінің материалдық өндіріс салалары бөлімінің бас маманы болып бастаған. 2007 жылдан бастап облыстық Қаржы департаменті нақты секторды қаржыландыру бөлімінің басшысы болып тағайындалды. 2009-2011 жылдары аралығында Қарғалы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы, 2011-2013 жылдары аралығында Ақтөбе облыстық Тексеру комиссиясының мүшесі болды. 2013-2016 жылдары аралығында «Ақбұлақ» АҚ вице президенті, 2016-2021 жылдары аралығында Ақтөбе облысының Қаржы басқармасы басшысының орынбасары болып, 2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ақтөбе облыстық Қаржы басқармасының басшысы қызметін атқарды.