Нұрлыхан Шархан Парижде өтіп жатқан әлемдік Grand Slam жарысының қола жүлдесі үшін күреседі

Фото: ҚР Дзюдо федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық татами шебері Нұрлыхан Шархан Парижде өтіп жатқан әлемдік Grand Slam жарысының қола жүлдесі үшін ксынға түседі.

Парижде дзюдодан әлемдік Grand Slam жарысы өтіп жатыр. Бүгін бұл доданың өтіп жатқанына үшінші күн. Өкінішке қарай әлі бірде-бір балуанымыз жеңіс тұғырынан көріне алған жоқ.

Міне, бүгін қазақстандық дзюдошы Нұрлыхан Шархан кіші финалға шықты. Қола жүлде үшін белдесуде отандасымыздың қарсыласы Эйч Даниэль (Швейцария) болмақ.

Нұрлыхан Шархан іріктеу кезеңінде қарсылас шақ келтірмей, өз тобынан үздік шықты. Ол алғашқы айналымда Натаниэль Киваны (АҚШ), одан кейін әлем рейтингінің үшінші орнында тұрған Нидерланды спортшысы Майкл Коррелді ұтты. Ширек финалда Александр Куколды (Сербия) қосымша уақытта вазари ұпайымен ұтып жартылай финалға шықты.

Жартылай финалда екі дүркін әлем чемпионы испаниялық Николоз Шеразадишвилимен кездесіп, қарсыласына есе жіберді.

Айта кетейік, Франция астанасы Парижде әлемдік Grand Slam турниріне 110 елден 661 спортшы қатысып жатыр. Қазақстаннан айтулы додаға 14 спортшы аттанған болатын.

Сондай-ақ, Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ережесі бойынша Grand Slam турнирінің чемпиондары – 1000, күміс жүлдегерлер – 700, үздік үштікке іліккендер 500 рейтингілік ұпайға ие болатынын еске сала кетейік.