«Нұрлы білім» ұйымы теріс діни ағымға ерген 60 адамды қалай қайтарды?

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігі 2013 жылы басталған қызметі аясында осы уақытқа дейін теріс діни ағымға еріп кеткен 60 адамды дұрыс жолға қайтарған. Бұл туралы бүгін «Дін саласындағы өзекті мәселелерді жариялау жөніндегі ақпараттық жұмыстың қағидалары мен басымдықтары» атты дін саласындағы мәселелерді БАҚ-та жариялау бойынша журналистерге арналған тренинг барысында қоғамдық бірлестіктің төрағасы Рүстем Сыздықов мәлім етті.

«Өкінішке орай, Сирияға, Иракқа радикал болып қарындастарымыз бен бауырларымыз білместікпен кетіп жатыр. Барлық қателік дін туралы ғылыми білімнің жоқтығынан екенін нақты түсіндіруіміз керек. Біздің «Нұрлы білім» ұйымы 2013 жылдан бері жұмыс атқарып келеді. Адасқан ағымдардың өкілдерін өзіміздің дәстүрлі бағытқа қайтару мақсатындағы жұмыстың қорытындысын айтатын болсам, теріс ағымға қосылған 60-қа жуық адамды қайтардық»,- деген Р.Сыздықов теріс ағымға кеткен адамдарды жамандау, жала жабу ешқашан ешқандай нәтиже бермейтінін баса айтты. Оның айтуынша, мұндай адамдардың қателігін тек қана ғылыми форматта дәлелдеу керек. Олардың сыртынан жаман сөз айтып, балағаттау ешқандай нәтиже бермейді. «Мемлекет басшысы айтқандай, біз діни сананы қалыптастыруымыз керек. Діни тәжірибе деген нәрсе бар, діни сана деген нәрсе бар. Діни тәжірибе дегеніміз - мешітке баруға, ораза ұстауға, орамал тағуға шақыру. Ал зайырлы мемлекетте, плюаристік қоғамда біз тек діни сананы қалыптастырумен айналысып жатырмыз. Діни сананы қалыптастыруда халыққа қандай ақпарат беруіміз керек деген сұрақ туындайды. Біз араб әлемінің, ислам ғалымдарының атын айтып жатқан жоқпыз, зайырлы қоғамға ол керек те емес. Негізгі мәселе - Абай мен Шәкәрім, ұлттың теңдесі жоқ ұлы тұлғалары, ұлттың тұңғыш ұстазы Ыбырай Алтынсариннің сіз бен бізге Алланы қалай тану керек, иман деген не, күпірлік дегеннің не екенін айтып кеткен. Осыны біз әрбір қоғамдағы санаға жеткізетін болсақ, бұл нақты иммунитет болады», - дейді ол. Бұл ретте, Р.Сыздықов БАҚ өкілдері тарапынан кететін бірнеше қателікті атап көрсетті. «Біз зайырлы мемлекет болғанымызбен, плюаристік қоғамбыз. Бұл қоғамда намаз оқитын мұсылмандар, намаз оқымайтын мұсылмандар, тіпті, христиандар мен атеистер де бірдей. Бұл негізі ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с) қалдырған негізгі өсиеттеріне сай келеді. Мединедегі ең тұңғыш Конституцияның 64 бабында Пайғамбарымыз тұңғыш ислам мемлекеті туралы айта отырып, ешбір христианға, ешбір дін өкіліне ешқашан қысым көрсетпеп еді. Оларды алалаған жоқ. Соны біз түсініуміз керек. Содан кейін кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «діндар мұсылман», «дінсіз мұсылман» деп жазады да, айтады да. Бұндай термин мүлде болмайды, бұл ұғым бір-біріне қарсы болып тұрған түсінік», - деді ол.